"Долларды "құлатады". Saxo Bank АҚШ билігіне келген миллиардерлер жоспарымен бөлісті

Кәмшат Тілеухан 04 дек. 2024 16:48 2333

Даттың инвестициялық Saxo Bank-і жыл сайынғы әлемдік экономика бойынша болжамын жариялап, көптеген елді есеңгіретіп тастады. Бұл ретте соңғы екі айда қымбатшылықпен қарқынды күресіп жатқан Қазақстанға да оңай болмайын деп тұр. Өйткені болжамдар ел экономикасына тікелей әсер етуші іргелі факторларды да қамтиды. Нақтырақ айтқанда, бұл арада АҚШ билігіне жаңадан келген "миллиардерлер" тобының жоспары ашып айтылады, деп жазады Dalanews.kz.

Естеріңізде болса, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров теңгенің құлдырауына түрткі үш іргелі факторды атаған. Олар:

  1. соңғы айларда доллардың ғаламдық индексінің өсімі;
  2. мұнай бағасының арзандауы;
  3. рубльдің құнсыздануы.

Бұл арада үшіншісіне алдыңғы екеуі ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Енді сол екеуі жайлы Saxo Bank өз болжамында не дейді? Соған кеңінен тоқтала кетелік:

Доллар тағы арзандайды. 2025 жылы Ақ үй әкімшілігі АҚШ-тың осыған дейінгі бүкіл әлемге қатысты қарым-қатынасының тұрпатын толығымен өзгертеді. Оған импортқа енгізілетін қымбат тарифтер, сонымен бірге бюджет тапшылығын азайтуға тырысуы түрткі болады. Осыған байланысты криптонарық төрт есе, яғни 10 трлн долларға дейін өседі, ал доллар негізгі валюталарға шаққанда 20%-ға және алтын бағасына шаққанда 30%-ға құнсызданады. АҚШ экономикасы рефляция сатысында болады. Ал жалақы тауарлық инфляцияның ізіне ілеседі, өйткені АҚШ өндірістік ресурстарға қайта бағыт алады. Америкалық экспорттаушылар табысқа кеңеледі, оларға жақсы жағдай жасалады.

Қытай 7 трлн доллар таратады! Saxo сарапшылары Қытай экономикасы бұрын-соңды бұлай несиеге батпағанын айтады. Қытайдың корпоративтік қарызының өзі ЖІӨ-нің 150% -ынан асады. Жергілікті билік органдарының қарызы ЖІӨ-нің шамамен 80-90% құрайды. Үй шаруашылығындағылардың қарызы басқа елдердегідей жоғары емес, бірақ көбінесе жылжымайтын мүлік нарығының осалдығымен байланысты болып келеді. Осыған байланысты 2025 жылы билік ел экономикасы айналымына 50 трлн юань (шамамен 7 трлн доллар) ақша массасын енгізуге тырысады. Сонымен қатар, бұл сома қарызды өтеуге емес, цифрлық юань арқылы тұтынушылардың қалтасына тікелей түседі. Сондай-ақ ҚХР әлеуметтік инженерияны қолданады, бұл өмір сапасын жақсарту үшін компанияларды жұмыс күнін қысқартуға итермелейді. Бұл өз кезегінде бос уақыттың, тұтыныстың, компаниялар, отбасы құру және балаларды дүниеге әкелу көлемін арттырады. Бұл юаньның нығаюына және бүкіл әлем бойынша шикізат бағасының жоғарылауына әкеледі.

ОПЕК-тің дәурені бітуге таяу. Электромобильдер жыл өткен сайын қолжетімді болып, ОПЕК мұнай өндірушілер альянсына алда қиындау болады. 2024 жылдың қыркүйегіне қарай Қытайдағы автомобильдер сатылымындағы электромобильдер нарығының үлесі 45%-дан астамға жетті. Басқа елдер де өндірістік қуатын тез арттырып, Қытайды өкшелеп келеді. Осыған байланысты аккумуляторлардың бағасы тағы да төмендейді, бұл электромобильдерді бензинмен жүретін көліктерге қарағанда арзанырақ ете түседі. Мұнай тұтынысының шарықтау шыңы 2025 жылға келуі мүмкін, ал ары қарай сұраныс тез азая бастайды. Мұнай бағасы күрт төмендеп, бұл авиакомпанияларға, химиялық заттар, бояулар мен шиналар өндіретін, сондай-ақ жүк және логистикалық компанияларға қолайлы болады. Бірақ, көп уақыт өтпей, нарық тез өз қалпына келеді, өйткені Солтүстік Америка қымбат тақтатас мұнайын өндіруді тоқтатады. Жапондық автоөндірушілер электромобильдер нарығындағы басқа ойыншыларды қуып жету үшін жанталасқа басады.

Ұзақ әрі бақытты өмір. Ғылыми жетістік нәтижесінде ғалымдар 3D биопринт озық технологиясын қолдана отырып, қалтқысыз жұмыс істейтін адам жүрегін сәтті "басып шығарады". Бұл зақымдалған мүшелерді тапсырыс бойынша ауыстырып, адамның өмір сүру ұзақтығын арттыруға жол ашады. Органдардың биопринтинт жетістігі биотехнология мен 3D басып шығару құрылғыларына деген сұраныстың күрт өсуіне ықпал етеді. Бұл саладағы компаниялардың көпшілігі стартап сатысында, бірақ жақын болашақта IPO-ға шығады деп күтілуде. Болашақ перспективада инновациялар мен инвестициялардың бұл өсімі денсаулық сақтау саласын түбегейлі өзгертіп, пациенттердің нәтижелерін жақсартуға және айтарлықтай экономикалық өсімге үлес қосуға түрткі болмақ.

Жасанды интеллектіге салынатын салық. Технологиялық алыптар өздерінің жаңа жасанды интеллект деректер орталықтары үшін көп электр энергиясын жұмсайды. Олар болашақта тұрақты, ұзақ мерзімді энергия көздерімен қамтылуы үшін қазірдің өзінде түбегейлі қадамдарға барып жатыр. Майкрософт Constellation Energy компаниясымен Три-Майл-Айлендегі ескі ядролық реакторларының бірін қайта ашу жөнінде келісімшартқа отырды. Google мен Amazon да АҚШ-тың коммуналдық қызметтерімен және басқа жеткізушілерімен жоспарланған ЖИ деректер орталықтарына арнап шағын модульдік ядролық реакторларды (SMR) құру бойынша келісімдерге отыруда. Бірақ мұның бәрі - 2030 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған ұзақмерзімді жобалар. 2025 жылы АҚШ-та электр энергиясының бағасы халқы тығыз орналасқан аудандарында күрт өседі, өйткені ірі технологиялық компаниялар оны ЖИ деректер орталықтары үшін жұмсайды. Бұл халық тарапынан наразылық тудырады. АҚШ-та энергетикалық инфрақұрылымдарға инвестиция жаппай жасала бастайды. Fluor сияқты компаниялар ірі жаңа жобалар бойынша келісімшарттарға қол жеткізеді. Tesla компаниясының Megapack энергия қоймалары өзіне көбірек назар аудартады. АҚШ-тағы газдың ұзақ мерзімді бағасы екі еседен астамға өседі, бұл инфляциялық болжам үшін маңызды фактор болады.

Әлемді чиптеу. Saxo Bank сарапшылары NVIDIA-ны жасанды интеллектіге (ЖИ) сұраныс күрт артқанда оның басты сатушысына айналатынын болжайды.  2025 жылы компания инновациялық Blackwell чипінің пайда болуымен өз жетістігін әлемге паш етеді. Алдыңғы буынымен салыстырғанда ол ЖИ-дің есептеу өнімділігін 25 есе арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект саласындағы "қарулану жарысы" компания капитализациясын екі есе өсуіне түрткі болып, ақыры ол Apple-ден екі есе үлкен құрылымға айналады. Нәтижесінде NVIDIA бизнесінің құны 7 трлн долларды құрап, әлемдік қор нарығының 10%-ын қамтиды. Чип жасаушылардың бір акциясы 250 долларға дейін өседі.  Бірақ содан кейін нарық оның көбірек пайда табу қабілетіне күмәндана бастайды және оның монополиялық мәртебесін реттеушілердің бақылауы компания перспективасын нашарлатады.


Рекомендовать
Последние новости