Діни экстремизм - ұлтқа төнген үлкен қауіп

Dalanews 14 окт. 2023 09:31 1156

Дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Дін халық мәдениетінің рухани негізі. Оның қоғамда алатын орны қашанда ерекше. Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады.

Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табады. Қазіргі күнде шешімін тап­паған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұ­мыстары жүйелі деңгейде жол­ға қойылғаны туралы толық сеніммен айтуға болады. Яғни, осы­ған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қа­ланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылғы мамыр айында Дін істері агенттігі құрылып, сол жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Дін мәселелерімен айналысатын арнайы уәкілетті орган құрылып, дін саласын рет­тейтін жаңа заң күшіне енгеннен бергі уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылғанын білеміз.Дегенмен, бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәселеге айналды.

    Дінімізді бұрмалап, әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп отырған салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық туғызып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұлттық құндылықтарды ұмыттырғысы келгені түрлі ағымдардың өте белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.


Сонымен қатар, көптеген діни ағымдардың қаптауына байланысты қоғамда кері саяси ұғымдар пайда болады. Адамның сана-сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр. Жалпы, экстремизм мәселесі оның түрлі көріністерінде әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде экстремизм - әлеуметтік, экономикалық, саяси және діни, экологиялық, тағы басқа да өзекті мәселелерді шешу барысында әрбір қоғамда, мемлекетте басты назарға алынатын негізгі бағыттар. Қарап отырсақ, экстремизм экономикалық тұрғыдан дамыған және саяси тұрақты елдерде де белең алады. Діндегі ақ пен қараны ажырата алмағандықтан бөтен істерге еріп, экстремистік көзқарасты қолдайды. Ол адам өзінің экстремистік ұстанымда екенін білмеуі де мүмкін, бірақ оны басқарып отырған топ немесе ағым жетекшісі оны экстремистік немесе террористік мақсатта қолдануы белгілі дүние. Бүгінде көптеген өздерін «діни бағытқа» жатқызатын экстремистік топтардың негізінен шынайы дінге еш қатысты жоқ екенін көріп отырмыз. Бар болғаны діннің шапанын жамылып, діни кұндылықтарға (бейбіт өмір, әділдік, отбасы құндылықтары, әлсізге көмек беру, зорлық қылмау, бейкүнә адамды өлтірмеу және т.б.) қарсы амал етіп отыр.

Жастар – біздің мемлекетіміздің болашағы, ол бізден күнделікті қамқорлық пен тынымсыз ілтипатты қажет етеді. Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе,  дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды. Себебі, адамның жеке тұлға ретінде көбінесе жас жылдарында қалыптаса бастайды.

Діни көзқарастағы (деструктивті діни бағыттардың ықпалына түскен) кейбір жас азаматтар өздерін қоғам мен мемлeкетке қарама-қарсы қойып, қазақ халқының рухани мәдениетіне және ұлттық дәстүрлеріне теріс көзқараспен қарайтын болды. Оларда тіпті зорлық-зомбылық тәсілдерін қолданумен мемлекетіміздің саяси құрылымдағы зайырлы сипатын өзгертуге ықыластары пайда болуда. Бұл көріністер қоғамда жаңа саяси-әлеуметтік пішіндердің қалыптасуына себептес.Асыл дініміз исламға күйе жағып, дін атын жамылғандар ислам десе, зәресі зәр түбіне жетіп, шошынып қарайтын күйге түскені жасырын емес. Қазақ даласында Ханафи мәзһабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып, кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып, өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып, келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз. Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.

Қорыта келе, мақала Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен ұйымдастырылған байқауға қатысу мақсатында дайындалғанын ескере отырып ойымды түйіндейін,дәстүрлі  дін бейбітшілікке, бірлікке үндейді, оның ежелден қалыптасқан түп-тамыры бар. Оның мақсаты адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару. Ал, экстремизм-қоғамның берекесі мен бірлігіне қауіп төңдіреді. Экстремизммен күрес елімізде ғана емес, әлемде болып жатқан үлкен мәселе. Біз мемлекеттің зайырлы, дәстүрлі, діни құндылықтарын сақтауға тиіспіз. Діни ақпаратты белгілі ресми ақпарат көздерінен алған дұрыс. Сондықтан  біздің бірлігіміз елдің дамуы үшін өте маңызды.

 

Әбзелбек Шынар Мақсатқызы


Рекомендовать
Последние новости