Діни білім берудің өрісі кеңейіп келеді

Dalanews 28 нояб. 2015 22:30 1137

Күні кеше ғана Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде «Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференция болып өтті.  Діни білім беруді жетілдіруге арналған конференцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы, Дін істері комитетінің жетекші мамандары, медреселердің директорлары, діни сауат ашу курстарының ұстаздары, дінтанушы-ғалымдар қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.


Түрлі жат ағымдар жастарымызды алдап, арбап, қатарларына тартып жатқан тұста діни білім беру ісін жетілдірудің маңызы зор. Сондықтан бұл жиынның қазақ қоғамы үшін маңызы жоғары болды десек, артық айтқандық болмас еді. Өз кезегінде сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы:


– Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек, қазіргі заман талабына сай қоғамдық мамандықтар қосылды. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа қабылданған Жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. Демек, медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл – болашақ дін қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік деп атар едім, –  деп діни білім беру саласында ілгерілеу орын алып отырғанын алға тартты.


Діни басқарма тарихында тұңғыш рет діни оқу-ағарту саласы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен меморандум жасағанын да осы басқосуда білдік. Екі жақты келісім құжаты аясында алғаш рет медреселер үшін мемлекеттік стандартқа сай оқу жоспары мен оқу бағдарламалары әзірленді. Сонымен қатар медресе Жарғыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың діни сауатын ашу, діни қызметкерлер әлеуеті мен қабілетін арттыру мақсатында ауқымды іс-шаралар мен игі жобаларды жүзеге асырған. Осы бағытта атқарылған жалпы жұмыстардың бірқатарын айта кетсек. Әуелі сыртқы байланыстар бойынша ілкімді істер туралы.


Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМДБ мен Түркияның Мармара, Ыстамбұл, Селжук, Нажмеддин, Ербакан университеттері арасында оқу саласы бойынша келісім-шарттар жасалып, меморандум қабылдапты. Соның Келісім аясында Түркияның бірқатар іргелі діни оқу орындарына ғаламтор арқылы магистратура мен докторантураға түсуге мүмкіндік туып отыр.


Қазіргі таңда бауырлас елдегі Хасеки академиясында 76 шәкірт діни білім алып, тәжірибелерін шыңдауда. Ал Мысырдың әйгілі әл-Азһар университетінің 2 айлық курсында 23 имам білімін жетілдіріп қайтқан. Сонымен қатыр биыл тұңғыш рет Діни басқарма және Мәскеу, Қазан қалаларындағы Ислам университеттері арасында ортақ келісімге қол жеткізілді. Алдағы уақытта еліміз бойынша 40 имам «Мәскеу Ислам институтында» екі апталық курста халықаралық дін ғұламаларының дәрісін тыңдағанын да айта кетуіміз керек.


Ал еліміздегі бірден-бір діни білім беретін оқу орын «Нұр-Мүбарак» университеті Малайзияның Сұлтан Зейнел Абидин университетімен ғылыми байланыс орнатып, сауатты діни мамандар даярлауға ден қойған. Болашақ ғалымдарымыз диссертациялық жұмыстарын сол елде жетілдіруге мүмкіндік алып отыр екен. Сонымен қатар Малайзия мемлекеті «Нұр Мүбәрак» университетінің студенттерін тіл жетілдіру курсына қабылдау туралы келісімге қол қойған.


Діни оқу-ағарту саладағы басты жаңалықтың бірегейі – шетелге діни оқуға баратын студенттердің ҚМДБ тарапынан арнайы рұқсат қағаз алуы. Бұл қадам шетелде білім алып жатқан қандастарымыздың діни көзқарасын қадағалауға үлкен мүмкіндік тудыратыны айтпаса да түсінікті.


Қазіргі таңда «Нұр Мүбәрак» университетінің исламтану мамандығы бойынша бітірген 527 түлек түрлі діни қызметтер атқаруда. Ал медреселерімізді тәмамдаған 897 шәкірт жұмыспен қамтылып, қалған бөлігі білімін жетілдіргенін басқосуға қатысқанымызда білдік.


2015 жылы медресені бітірген 200 шәкірттің 60-ы жоғары оқу орындарына түссе, 105 бала діни қызметпен қамтамасыз етілген. Республикамыз бойынша 751 мешітте діни сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Аталған курстарда 2015 жылы 48 000 адам сауат ашқанынан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бұл бағытта жан аямай жұмыс істеп жатқанын аңғаруға болады. Еліміз бойынша әр облыс, өңірлерде имам-молдалардың білімін жетілдіруге арналған 180 семинар ұйымдастырылып, оған жалпы саны 2 500 дін қызметкері қатысқан. Діни басқарманың бұл бағыттағы жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.


Алматыда өткен конференция жұмысының соңында арнайы Қаулы қабылданып, Қазақстан  мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі  білім беруді дамыту Тұжырымдамасы мақұлданды. ҚМДБ-ға қарасты жоғары және орта оқу орындары оқу процесін ұйымдастыру ісі, имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіру ислам институты кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін көтеру, мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстары алдағы уақыттан бастап осы Тұжырымдамаға сай жұмыс істейтін болады.


Білім – адамның мінезін көркем ететін нығмет


DSC_0395Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти


– Исламды жүрек қалауымен қабылдаған халқымыз діни тәрбие мен діни білім беру жүйесін ғасырлар бойы атадан балаға мирас етіп қалдырып, өнегелі өмір салтын қалыптастырған. Қазақ жерінде пайда болған діни білім беру жүйесі жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілері арқылы дамыды. Ірі қалаларда бой көтерген медреселер қызметі, көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарады. Дін жанашырларының, бүгінгі сөзбен айтқанда, меценаттардың қамқорлығымен ел ішінде сауатты молдалар діни білім беріп, бала оқыту арқылы халықтың сауатын ашты. Осылайша, қарапайым қазақ балаларынан бастап, аты аңызға айналған тұлғаларымызға дейін хат танып, сауатын көтерді.


Діни білім беруді жетілдіруге арналған бүгінгі тарихи құжатымыз имамдардың да жан-жақты дамуын, қоғамның рухани сұранысын толық қанағаттандыра алатын қабілетке қол жеткізуін көздейді. Мүфтият діни білім беру саласы бойынша Түркия, Мысыр, Ресей, Малайзия, Татарстан мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдер жасады.


Басқарма санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек қазіргі заман талабына сай қоғамдық мамандықтар қосылды. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді.


Дінді біліммен емес, сезіммен түсінген кейбір азаматтарымыз ел арасында түсінбеушілік тудырып, діни бүліктерге жол ашып жатқаны жасырын емес. Білім – адамның мінезін көркем ететін ұлы нығмет. Сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдің: «Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық, оны талап ету – құлшылық, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа, оны лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Ғылым жалғыз кезде – серігің, демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жәннат жолындағы шам шырақ», – дегені баршамызға мәлім. Ал Алла Елшісі: «Білім алу – мұсылман ер мен әйелге парыз», – деп айтқан.


Ендеше, баршамыз ел игілігі жолында, жастарға дұрыс діни білім беру, жалпы иманды қоғам құруда бірлесе, ізгі істерге атсалысуға шақырамын. Алла Тағала сауапты жұмыстарымызға жар болсын!




«Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық конференцияға қатысушылардың


ҮНДЕУІ


Ислам дінінің қазақ топырағына жеткенінен мың жылдан асты. Дала халқы асыл дінімізді жүрек қалауымен қабылдап, өнегелі өмір салтына айналдырды. Орталық Азия, соның ішінде қазақ жері мұсылман мәдениеті мен өркениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қасиетті мекендердің біріне айналды. Самарқан, Бұқара, Ферғана аймағымен қатар Түркістан, Сайрам, Сығанақ, Баласағұн сынды ортағасырлық қалалардан шыққан ғұлама-ғалым бабаларымыздың бұл үрдіске қосқан үлестері ұшан-теңіз.


Жұртымыздың ұлттық құндылықтары мұсылмандық дүниетаныммен ұштасып, үйлесім тапты. Халқымыздың діни таным-түсінігі ауыз әдебиетіміз арқылы да таралып, насихатталды. Діни тақырыпқа арналған қисса-дастандар, өлең-жырлар ислам дінінің негізгі қағидаларынан, шариғат заңдарынан бастау алды. Бұл игі үрдіс қазақ халқының мұсылмандық мәдениетін қалыптастыруда, діни сауатын көтеруде теңдессіз рөл атқарды. Осынау рухани құндылықтарымызды діни білім беру бағдарламалары аясында жаңғыртудың маңызы жоғары.


Жастардың діни сауатына мән беру, олардың діни тәрбие мен діни білім алу қажеттілігін қанағаттандыру мәселесі – стратегиялық тұрғыдан да аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни сауаты жоғары, радикалды ағымның арбауында кетпейтін, бәсекеге қабілетті, байсалды, иманды жастар қатарын көбейтіп, зиялы ортаны қалыптастыруды мақсат етеді.


Бүгінгі конференцияға қатысушылар дәстүрлі Ислам дінінің тарихи және мәдени негіздерін оқытуды көздейтін, заман талабына сай үйлесім тапқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту Тұжырымдамасын қабылдайды.


Жастарға, жалпы жұртымызға толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті діни білім беруде, зайырлы біліммен қоса, басқа да салаларды ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру туралы Үндеу жолдаймыз. Діни оқу орындары басшыларын жұмыс барысында Тұжырымдамада көрсетілген бағыт-бағдарларды басшылыққа алуға, сонымен қатар зиялы қауым өкілдерін, барша тұлғаларды осы құжатта айқындалған міндеттер мен мақсаттарды, игі бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамыз.


Конференцияға ҚМДБ төрағасы, Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, діни оқу орындарының басшылары, теолог-ғалымдар, дінтанушылар, ұстаздар қатысты


Алматы қаласы, 2015 жыл.






Рекомендовать
Последние новости