Дінтанушы: "Салафизмге қарсы тұрар жалғыз күш – қазақы ислам"

Dalanews 20 сент. 2021 05:32 916

 

Ол дінтану бойынша еліміздегі іргелі оқу орындарында қазақтілді аудиторияға арнап дәріс оқиды. Ол – Артур Артемьев. Профессор. Философия ғылымдарының докторы. Артемьев «Қала мен Даланың» – «салафизмге қарсы тұрар күш бар ма?» деген сауалына жауап берді.

– Шынымен бар ма? Бар болса ол қандай, нендей күш?

– Бар. Өзімізден іздеуіміз керек оны. Ол – қазақы ислам.

– Қазақы ислам?

– Иә. Қате естіген жоқсыз. Дәл солай. Бұл арада қазақы және классикалық сипаттағы исламның бөле жарып отырған жоқпын.

–  Дегенмен, салафизмге қарсы тұру үшін балама жолдар іздеу керек дегіңіз келеді ғой. Солай емес пе?

– Әлбетте. Ақтөбедегі және Алматыдағы жағдайдан кейін билік салафизмге қарсы ашық күресуге кірісті. Мұны да білесіз. Өйтпеске амалы қалмады. Бұрын да айтқанмын, қазір де қайталайын: салафизм – уахабизмнің ең радикалды тармағы. Бізде қойып, уахабтар, Арабиядағы ресми діннің өкілдері, мінекей, солардың өзі салафтардан іргесін аулақ салып жатыр. Неге? Себебі, салафилердің мінезі, іс-әрекеті олардың тереңде тығылып жатқан ой-ниетін әшкерелейді.

 Ілгерідегі мәселеге қайта оралайықшы. Қазақы ислам деген түсінік бұрыннан бар ма, әлде бертін пайда болды ма?

– Әрине, ертеден бар. Алысқа бармайық. Совет үкіметі кезінде Қазақстанда «халықтық» деп алатын ислам насихатталған-тұғын. Ал Яссау сияқты сопылардың арқасында ислам Қазақстанда пайда болған тұста қазақтың дәстүр-салтымен үйлесе бастады. Соның арқасында ол қазақтардың киім кию үлгісінде, күнделікті тұрмысында тіпті мінез-құлқында да өз орнын тапты. Кірікті. Адаптацияланды, былайша айтқанда.

Айталық, қазақта пәрәнжә ешқашан қолданыста болған емес. Хиджаб кисе, тек егде жастағы әйелдер ғана киген. Ал жастар жағы ешқашан бет-аузын бүркемелемеген. Ер-азаматтардың ішінен де ешкім шолақ шалбар кимеген. Айта берсе көп қой. Айналып келгенде қазақы исламның осындай өз ерекшеліктері бар.

 Сіз Әбсаттар қажыны жиі сынайсыз. Неге? Ол не жазды?

 Себепсіз сынамаймын ешкімді. Бұған қатысты өз көзқарасым, өз пікірім бар. Бәлкім, мұнысымен сіз немесе сіздің басылымның оқырмандары келіспеуі мүмкін. Әбсәттер Дербісәлі Арабиядан оралғанда не істеді? Қазақы исламның нышандарымен күресе бастады.

Ол дәстүрлі исламға қайшы келетін халық дәстүрін жоюды белсенді түрде насихаттауға көшті.

 Демек...

 Жоқ, менің бұл сөзімнен қорытынды шығарудың қажеті жоқ. Тек көргенімді айтып отырмын. Істің насырға шапқаны соншалық, Дербісәлі киелі орындарға баруды доғаруға шақырып, мазарлардан арылып, зираттарды жермен-жексен етуді ұсынды.

Өз кезегінде сопылар қуғын-сүргінге ұшырап, телеарналарда осы тақырып төңірегінде айтыс-таластар көбейді.

 Мұның барлығын неге қазір айтып отырсыз?

 Бұрында да айтқанмын. Сол кезде бірнеше дінтанушылар, арасында өзім де бармын, Дербісәлі тарапынан мұндай пікірлер айту – қауіпті екенін, қазақтарды тұтастай классикалық исламға үгіттеу уахабимзге бастар тікелей жол екенін жіпке тізгендей етіп дәлелдеп, жеткізгенбіз. Бірақ, бізді кім тыңдайды? Сөзіміз далаға кетті. Ешкім тыңдаған да, келіскен де жоқ. Ал қазір ше? Классикалық исламды ашық насихаттау тоқтатылды. Анығы, ерте бастан бастау керек еді мұны.

 Мұнымен не дегіңіз келеді?

Байқар болсаңыз, қазір де Қазақстандағы мұсылмандардың дерлігі халықтық исламды ұстанады. Хиджабты әйелдерді барлығы бірдей кимейді. Негізінде, мұндай дәсүрді Қытай мен Моңғолиядан ата-жұртына оралған оралмандар әкелді. Себебі, ол жақтағы ислам Қазақстандағыдан бөлек. Иә, солай. Сүнниттер барлық жерде бірдей емес қой.

 Жарайды, бұл бөлек әңгіме. Тоқ етерін айтқанда, сіз айтқан қазақ ислам салафиттерге тойтарыс берер халде ме?

 Менің ойым, егерде біз халыққа қазақы исламның өткені мен бүгіні туралы көбірек баяндайтын болсақ, сол жөн. Алайда, өкінішке қарай, біздің Діни басқармадағылар осы мәселені көтерсек, классикалық исламды ұстанушылар алдында дінбұзар кейпінде боламыз деп, қауіптенеді. Солай.

–  Мынадай пікір бар. Осы ұстанымның жолында жүргендердің: «исламды мемлекеттік дін ретінде жариялау керек, бірақ бұл институтқа ешқандай билік бермеу керек» дегенін естігенбіз. Бірақ бұл идея мемлекеттің зайырлығымен қалай үйлесетін болады өзі?

 Үйлеспейді әрине. Жол бермеуге болмайды оған. Неге десеңіз, біз зайырлылықтан айырылатын боламыз. Мұндай жағдайда біз мүлдем бөлек мемлекетте тұратын боламыз. Мәселен, Түркия басынан өткенді мұны. Ататүрік зайырлылық ұстанымында болды ғой. Мұнысы үшін оны әлі күнге дейін сынайтындар бар. Түркияда билікке мұсылман көшбасшылары келгеннен кейін барлығы өзгеріп сала берді. Алайда Қазақстанда зайырлылықтан айырылудың тағы бір қауіптілігі бар — біз көп конфессионалды мемлекетпіз.

–  Білсек, сіз орыстілді ғана емес, қазақтілді студенттерге, қазақтілді аудиторияға дәріс оқисыз. Солардан (студенттерден) дінге не үшін келгенін сұрап білген кездеріңіз болды ма?

–  Жалпы дін тақырыбына келгенде ашық пікіралмасуды құптаймын. Иә, сұрайтын кездерім көп. Жұмысым ғой.

–  Олар не дейді сонда?

–  Көпшілігі отбасылық дәстүрлерді алға тартады. Ақиқаты мынау: дінге өзінің шын сенімімен келгендер сирек біздің елде. Әсіресе, жастар арасында. Айталық, менің жеті дінтанушы магистрантымның арасында тек бір қыз ғана исламды өзінің сеніміне сай қабылдаған

Ол хиджаб киіп жүреді, барлық діни әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сақтап, күнделікті мешітке барып, намаз оқиды, үнемі діни әдебиетті оқып, білімін көтеріп отырады. Қалғандарының аты ғана мұсылман.

  Сонда қалай болғаны?

– Білмеймін, бәлкім бұл үрдіс шығар, бәлкім басқа бір құбылыс. Қазіргі жастардың арасында сауаты мен  көзқарасы толық піспей жатып мұсылман атану сәнге айналған. Негізінен, құдайылық тарату молданың қатысуымен өтеді, алайда шақырылғандардың көпшілігі бас киімсіз келеді. Міне, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Белгілісі, дінді көпшілікке өте сыпайы, асқан әдептілікпен жеткізген жөн. Өкінішке орай, бүгінгі күні жібі түзу сарапшылардың көпшілігі сұранысқа ие емес. Шет қалған. Қауіпті бұл. Мұндай жағдайда Қазақстандағы діни мәселелермен білімі мен діни нанымы күмән тудыратын тұлғалар айналысатын болады. Ондайлар арамызда жүр, өкінішке орай...

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан, Аяулым Шаймардан

 

Рекомендовать
Последние новости