Журналист Диас Нұрақын Алматы облысы Саты ауылында бір жігіт зиратты талқандап тастағанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кадрларда әр жерде шашылған зират тастары көрінеді.
"Көлсайдың түбіндегі Саты ауылын соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен", - деп жазды ол.
Диас Нұрақынның сөзінше, жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы.
"Осындай әсіредіншілердің кесірінен ел арасына іріткі түседі. Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майді шірітеді. Мұның бәрі - тикток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті", - деп жазды журналист.
Ал Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан бұл жағдайда заңға сәйкес жауапқа тартуға болатынын мәлімдеді.
"Қылмыстық кодекстің 314-бабымен қудаланатын әрекет, жергілікті органға жүгіну керек", - деді ол.
Желі қолданушылары арасында да бұл көрініс қызу талқыға түсіп жатыр.
"Жауапқа тартпай, олар көбейе береді", "Діни теріс ағымдағылардың істегені емес пе?", "Масқара, заңмен соттау керек", "Сұмдық әрекет, ауылда жиын өткізіп, халықтың алдына шығару керек мұндай сорақы әрекетке барғандарды. Талқыға салу керек. Заң алдында жауап берсін", "Ұлттық құндылықтарымызды қорғап қалу үшін дін туралы мықты заң керек", - деді желідегілер.