Цифрлы ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, бүгінде интернет кеңістігінде өз контентін дамытумен танымал болып жатқан адамдар көп. Бірақ сол мәртебесін еркін пайдаланып, азаматтарға зиянын тигізіп жатқан оқиғалар үдеп барады.
Олар күмәнді желілік маркетингтік компанияларды, қаржы пирамидаларын және биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалап жүр.
Осындай интернет жұлдыздарына сеніп алданып, адасып қалған азаматтар физикалық, қаржылық және моральдық зардап шегіп отыр.
Түрлі психологиялық тренинг жүргізетін инста жұлдыздары халықтың идеологиялық моральдық принциптеріне, ұстанымдарына кері әсер ететін әңгімелермен сананы улауда. Оларды бақылап жатқан ешкім жоқ. Бұл – үлкен қауіп.
Қаржы пирамидалары – көпшілік халықтың қаржылық сауатының жеткіліксіз болуын, сенгіштігін және интернеттегі жарнаманы қадағалау бойынша заңнаманың әлсіздігін пайдалана отырып қоғамдағы үлкен мәселенің біріне айналып отыр. Осы пирамидалар жөнінде әріптесім депутат Ли Юрий де мәселе көтеріп келеді.
Құзырлы органдар өкінішке орай бұл дерттің алдын алудан гөрі, халық алданып, түрлі трагедиялар орын алғанда ғана жазалау функциясын ғана атқарып отырған сияқты. Тіпті, сол тексеру мен жазалаудың өзінде әділдік пен табандылыққа тиісті дәрежеде мән беріп отырғанына халықтың күмәні бар. Осының бәрі ашынған зәбір көрушілердің түрлі трагедиялық әрекеттерге баруына себеп болуда. Кешегі өзін өзі өртеп жіберген келіншектің қайғысы осыған дәлел.
Бұл мәселені түбегейлі бақылауға алу үшін үш бағыт бойынша нақты жұмыс жүргізілуі тиіс:
Біріншіден, қаржы пирамидаларының жұмысына толықтай шектеу қою қажет. Ол үшін – халықтан инвестициялық мақсатта жүйелі түрде қаржы жинауға байланысты әрекеттерді тек лицензиясы бар ұйымдарға ғана рұқсат беретін заңнаманы күшейту керек.
Өз қызметін жарнамалағанда міндетті түрде лицензиясын көрсету талабы қойылуы керек. Мұндай талап дәстүрлі қаржы ұйымдарына қатысты (банктер, сақтандыру компаниялары т.б.) бұрыннан бар.
Осы талап инвестиция мақсатында (ақшалай немесе заттай алдын ала салым салу арқылы қомақты табыс табу мүмкіндігін ұсынатын барлық субъектілер) жүйелі түрде түрлі жарнамалық шаралар арқылы көпшіліктен қаржы жинауды көздейтін ұйымдар мен ұжымдарға да қойылуы тиіс.
Осы орайда кейбір желілік маркетинг арқылы өнімдерін сататын компаниялар да қаржылық пирамида болып шыққан кездер болғанын ескере отырып, бұл саланы да назардан тыс қалдырмаған жөн.
Әр түрлі тұтыну тауарлары мен тиісті денсаулық сақтау мекемелері мақұлдаған өнімдерді желілік маркетинг жүйесі арқылы ұсыну бөлек те, түкке тұрғысыз, алушыға еш қажеті жоқ тауарды сату арқылы, желілік маркетинг жүйесі негізінде көпшіліктен ақша жинап, кейінгілерден келген ақшадан алдынғыларға "табыс" төлей отырып құлашын кеңге жайған алаяқтық мысалдары да аз емес. Сондықтан, осындай жұмыстарды лицензиялау механизмін күшейту қажет
Екіншіден, интернет және әлеуметтік желі арқылы жарнама жасауға деген талап жүйесін ретке келтіру қажет. Себебі, мыңдаған адамға жапа шектіріп, түрлі трагедиялық салдарға апарып жатқан алаяқтық қаржы пирамидалары жайлы ақпаратты көпшілік жұрт тікелей сол ұйымның өз жарнамасынан гөрі, елге танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің парақшаларындағы жарнамадан біліп жатады.
Соны жарнамалаған кісіге деген сенім арқылы шырмауыққа түсіп жататыны жасырын емес. Сондықтан, осы бағытта әлеуметтік желідегі "пікір көшбасшыларының" жауапкершілігін арттыру маңызды. Бірқатар елдерде жеке тұлғалардың әдеуметтік желі аккаунттарын БАҚ ретінде қарастырып, тиісті жауапкершілік арту практикасы енгізілген. Осы саланы зерттей отырып, нақты шаралар қолданылуы тиіс.
Үшіншіден, қаржылық пирамидалардың табиғаты жайлы көпшілікке түсініктемелік жұмыстар жүйелі түрде жүруі керек. Себебі, он мыңдаған адамның қаржы пирамидалары мен оңай ақша табуға шақыратын өзге де ұсыныстардың өрмегіне түсінің өзегінде – білмеушілік пен қаржылық сауатсыздық жатқанын да мойындауымыз керек.
Осы олқылықты азайту мақсатында білім мекемелерінде, түрлі әлеуметтік желілерде, БАҚ беттері мен эфирлерде тиімді ақпараттық роликтер, нұсқаулықтар, кітаптар, бағдарламалар ұйымдастыру қажет.
Оған қоса, орталықтандырылған интернет ресурс ашылса да артық болмайды. Кез келген азамат жарнамадан, таныстардан келген ұсыныстар болған жағдайда (ақша салып,сол арқылы қомақты табыс табуға болатыны жайлы) аталған ресурстың колл-орталыққа хабарласып, немесе тиісті әлеуметтік желідегі аккаунтына сұрақ жіберіп, ұсыныс жасап отырған ұйымның, ұжымның, компанияның, моделдің, жүйенің қаржы пирамида емес екенін анықтауға болатындай болса – бұл да көп жағдайдың алдын алар еді.
Осы аталған ұсыныстарды қарап, заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.