Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «СК-Фармация» ЖШС-не жүргізілген тексерулер барысында анықталған түрлі деректерге байланысты Бас прокуратураға бірден төрт арыз дайындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Маусым айының басында депутат Базарбек «СК-Фармация» басшыларына қатысты қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болса да, тек қызметінен босатылғаны түсініксіз екенін айтып, бұл мәселеге қатысты Антикорға, Қаржылық мониторинг агенттігіне және Бас прокуратураға арызданатынын мәлімдеген еді.
"Қазір мен Жоғарғы аудиторлық палатасының фармацевтика саласына, нақтырақ айтқанда “СК-Фармация” мен өзге де ірі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне жүргізген аудитінің нәтижесі бойынша Бас прокуратураға арыз дайындап жатырмын", – деді депутат үкімет кулуарында.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, ол тек бір ғана арызбен шектелмейді.
"Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты қаржы жымқырған субъектілер бойынша жеке арыз, ауыл шаруашылығындағы субсидиялар бойынша жеке арыз және үкіметтің есебіне қатысты жеке арыз әзірленіп жатыр. Естеріңізде болса, біз 27 маусымда үкіметтің есебін мақұлдадық. Соған да байланысты арыз дайындалуда. Бұл арыз шілде айының соңында жолданады", – деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, жалпы төрт арыз жоспарланған.
"Бұл төрт арызды бесінші сессия аяқталғанға дейін соңына дейін жеткіземін. Бас прокуратурамен тығыз жұмыс істеймін. Қылмыстық істер қозғалып, тергеу мен әшкерелеу жұмыстары жүрмейінше, кінәлілерді тұтқынға алмайынша тоқтамаймыз", – деп түйіндеді депутат Бақытжан Базарбек.
Айта кетейік, «СК-Фармация» – Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу, сақтау және жеткізуге жауапты бірыңғай дистрибьютор.
Еске салайық, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек «СК-Фармацияға» қарсы қылмыстық іс қозғауды талап еткен болатын.
Оның айтуынша, компания жұмысына енгізілген жаңа тәсілдер ешқандай оң нәтиже бермей, керісінше, дәрі-дәрмек бағасының екі есеге көтерілуіне және 14 миллиард теңгеден астам шығынға әкелген.
Сондай-ақ депутат Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан логистикалық қызметтерді сатып алудың жаңа моделіне қатысты шешімдердің уақытылы қабылданбауы салдарынан, 2025 жылдың алғашқы төрт айында мемлекет 748 миллион теңге үнемдей алмады деп мәлімдеді.