Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттердегі оқу ақысының өсуіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде оқу ақысы тек екі университетте өскен – бірі мемлекеттік, екіншісі жекеменшік.
“Қазіргі таңда тек екі университетте ғана мұндай жағдай тіркелді. Мемлекеттік университеттерде біз екі жыл бұрын айтқанымыздай, оқу ақысын бір деңгейде ұстап келеміз. Жекеменшік жоғары оқу орны – "Кимэп" университетіне қатысты ақпаратты сұрастырдық. Олар оқу ақысы мен шәкіртақыны 15 пайызға көтерген. Бірақ бұл – олардың ішкі шешімі. Бұл процесте студенттердің өзі де болған. Қамқоршылық кеңесте студенттік қауымдастықтың төрт өкілі бар”, – деді Саясат Нұрбек.
Министр жекеменшік университеттердің баға саясатына тікелей ықпал ете алмайтындарын айтты. Ал мемлекеттік оқу орындарында оқу ақысы биыл да өзгеріссіз қалады.
“Бұл шешім инфляция жағдайында оңай емес. Қазір инфляция – 11 пайыз. Біз біртіндеп гранттардың құнын көтеріп келеміз. Мәселен, магистратура мен докторантура бойынша гранттар сомасы артты. Яғни, мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқу ақысы биыл қымбаттамайды деп нақты айта аламыз”, – деді министр.