Денис Теннің ісі: сотталған Жанар Толыбаева бостандыққа шығуы мүмкін

Dalanews 12 сент. 2021 11:13 863

Даңқты спортшы Денис Теннің ісі бойынша 4 жылға сотталған Жанар Толыбаеваға рақымшылық жасалуы мүмкін.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Тәуелсіздік мерейтойына орай абақтыдағы жеңіл жаза алған тұтқындардың біразы мерзімінен бұрын босайтынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеп.

Ал қарапайым тұрғындар мұның соңы қылмыстық ахуалдың ушығуына алып келе ме деп алаңдайды.

Рақымшылық туралы заң жобасына сай қоғамға қауіп төндірмейтін, жасаған қылмысы ауыр зардапқа ұрындырмаған тұтқындарға рақымшылық жасалуы мүмкін. Әзір аталған заң жобасын халық қалаулылары қарастыруда.

Залалды толықтай өтеген, өзін жақсы қырынан көрсеткен және бостандыққа шығуына бір жылдың маңайындағы мерзімі қалған азаматтар рақымшылыққа іліге алады.

Осынау талапқа сәйкес Сочи Олимпиадасының жүлдегері, конькиші Денис Теннің ісі бойынша айыпталған Жанар Толыбаеваға рақымшылық жасалуы мүмкін.


Ол қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін 4 жылға сотталған. Бір жылдан кейін сот  үкімді жеңілдетіп, оны үй қамаққа ауыстырған. Алайда осы жылдың сәуір айында әлгі шешімнің күшін жойып, Толыбаеваны қайтадан абақтыға қамады. Жанар колонияда босанды.

“Жанар? Оған рақымшылық жасауға кедергі боларлық себеп жоқ, ілініп кетуі мүмкін. Рақымшылықтан үрейленіп отырған кейбір азаматтарға айтарым, қорқуға негіз жоқ. Сотталғандар үшін абақтыдағы өмір сабақ болды, олар қайта оралғысы келмейді. Дегенмен бұған 100 пайыз кепілдік бере алмаймыз, сондықтан мемлекет бұл мәселені реттеуі керек”, – дейді заңгер Жовтис.

Айта кетелік, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнап жасалатын рақымшылық – корруционерлерді, лаңкестерді, қылмыстық топтардың серкелерін және педофилдерді айналып өтеді. Осы 30 жылда елімізде 8 рет рақымшылық жасалып, 50 мың адам бостандыққа шықты.

https://www.youtube.com/watch?v=ODj-KbX9RKA

Рекомендовать
Последние новости