«Дайын болыңдар!». Урсула фон дер Ляйен ЕуроОдақ елдеріне ескерту жасады

Dalanews 06 июл. 2022 12:32 895

Еурокомиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен кәрі құрлық елдеріне Ресейдің Еуропа елдеріне газ экспортын тоқтатқан жағдайда оған дайын болуға шақырды.

Күні кеше ғана Еуропарламентте сөз сөйлеген Урсула фон дер Ляйен Ресей президенті Валдимир Путин алдағы уақытта қауат көздерін қару ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып, Кремльдің энергетикалық бопсасына көнбеуге шақырды.

– Біздер Ресейден газ келмей қалса, оған толықтай дайын болуымыз керек. Путин газ бен мұнайды бізге қарсы қару ретінде қолдануы мүмкін. Сондықтан Ресейдің мұндай әрекетіне дайын болып, жауап қайтаруға тиіспіз, – деді Урсула фон дер Ляйен.

Өз кезегінде Еурокомиссияның төрайымы Ресейден келтен газ күрт тоқтағанда оған ЕуроОдақ елдері аумағындағы өндіріс ошақтарының дайын болуы үшін арнайы жоба дайындалып жатқанын да алға тартты. Осылайша кәрі құрлық елдері кез келген төтенше жағдайға дайын болуға барынша әрекеттенуде.

ЕуроОдақ елдері осыған дейін өздеріне қажетті газдың 40%-ын Ресейден сатып алып келгені белгілі. Қазіргі таңда Еуропа елдері Ресейдің газы мен мұнайын АҚШ пен Таяу Шығыс елдерінің мұнайы мен газына алмастыруға күш салып жатыр.  


Үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде Польша мен Болгария «Газпромға» газ үшін рубльмен төлем жасамайтынын айтып, орыстың газынан бас тартқан болатын. Ал мамыр айында Ресей Финляндия мен Голландияға газ жеткізуін тоқтатса, 1 маусымнан бастап Дания орыс газынан бас тартты.

ЕуроОдақ елдері алдағы уақытта АҚШ пен Катрдан 50 млн текше метр сұйытылған газды сатып алуды және тағы 10 млн текше метр газды құбыр арқылы жеткізуді көздеп отыр.

Бұдан басқа осыған дейін жұмысын тоқтатқан көмірмен істейтін ЖЭС-ді қайтадан іске қоспақшы. Осылайша ЕуроОдақ елдері орыстың энергетикалық қысымына лайықты жауап беруге дайындықты бастап кетті.

Рекомендовать
Последние новости