Дархан Сатыбалды түркістандықтарды Республика күнімен құттықтады

Жарбол Кентұлы 25 окт. 2024 10:25 1504

Бүгін Республика күні мерекесінде Түркісін облысы әкімі Дархан Сатыбалды облыс тұрғындарын айтулы мерекемін құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыз үшін атаулы мерекенің тарихи мәні айрықша. Ұлт үшін құрбан болған, халық үшін аянбай қызмет еткен арыстар мен қайраткерлердің еңбегінің арқасында еліміз егемендікке қол жеткізді.

Тәуелсіз Қазақстанның басты жемістерінің бірі – киелі Түркістанның жаңаруы. Түркі әлемінің астанасына айналған қасиетті шаһар енді жаңа статусқа ие болуда. Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң Парламентте қаралып жатыр. Осы арқылы тарихи шаһардың абыройы аспандай түспек.

Биыл облыстың құрылғанына енді 6 жыл толса да, өңір нақты жетістіктерге қол жеткізіп, елдің дамуына өз үлесін қосуда. 

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, өңірімізде  өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға,  экономиканың құрылымын өзгертуге басымдық беріп отырмыз. Жаңа зауыттар, өндіріс орындары ашылып жатыр. Биылдың өзінде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылды. Әлеуетті инвесторлармен сәтті келіссөздер жүргізіліп, маңызды жұмыстар басталды. Инвестиция тарту бағытында елімізде үздіктер қатарындамыз.

Түркістан облысында құрылыс бәсеңдеген емес. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға тапсырылуда. Ауылдар мен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Адам капиталын арттыру, жастарға сапалы білім беру, қолдау көрсету де маңызды іс. Сондықтан аймақта әлеуметтік сала, денсаулық сақтау саласында да ел еңсесін тіктейтін жұмыстар атқарылуда.

Облыста білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Балалардың мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100 пайызға жақындады. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады. Жуырда ғана «Жайлы мектеп» жобасы арқылы алғашқы мектепті тапсырдық. Осы жоба арқылы мектеп тапшылығы мәселесі толық шешілмек.

Құрметті Түркістан жұртшылығы!

Алаш арысы, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханұлының «Әділдік жоқ жерде береке-бірлік болмайды» деген сөзі бар. Біз өңірді, республиканы дамытамыз десек, ең алдымен бәріміз әділдікке бас июіміз керек.

Әділдік – өз қызметіңді адал атқару, елге шынайы қызмет ету. Сондықтан баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, өңірді өркендету жолында адал қызмет етуге шақырамын!

Бірлігі жарасқан халқы барда, тарихи аймақ дами беретіні сөзсіз.

Баршаңызға ұзақ өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! Аспаны ашық, шекарасы берік, керегесі кең, терезесі тең мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын!


Рекомендовать
Последние новости