Дәрігерлер дауына байланысты Бас прокуратураға хат жолданды

Dalanews 04 мая 2018 08:27 884

Алматыдағы бас дәрігерлерге байланысты дау халақ арасында қызу талқыланып жатыр. DalaNews.kz сайтында жарияланған бұл материалды 10 мыңға таяу адам оқып, оқырмандар мұны Facebook, Twitter, VKontakte әлеуметтік желілерінде өте көп бөліскеніне куә болдық. Бір ғана Фейсбукте мақаланы 137 адам өзінің жеке парақшасына жариялап, жүзден аса оқырман өзінің ой-пікірін білдірді.   



Демек, бұл дау қоғамдық өмірімізде үлкен резонанс туғызғаны анық. Бірақ солай бола тұра, неге екені белгісіз, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл мақалаға байланысты ешқандай реакция білдірмей, үн-түнсіз отыр.

Енді қоғам белсенділері мен бір топ журналистер бұл мәселеге бей-жай қарай алмай ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың аттарына үшбу хат жолдады.

Үшбу хатта «Құрметті Қайрат Пернешұлы және Алик Жатқамбайұлы! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік қызмет қашан да мінсіз атқарылуы тиістігін үнемі айтып отырады. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстыққа, ағайынға бұрушылық пен заңсыз қамқоршылыққа жол берілмеуі тиіс.  Дегенмен Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусиновтың кадрлық өзгерістерінің күмәнде тұстары бар секілді. Ол басқарма басшылығына келгеніне көп уақыт болмаса да, кадрлық сапырылыстыру жүргізіп, денсаулық сақтау саласына ерекше үлес қосқан тәжірибелі бас дәрігерлерді жұмыстан босатқанын түсіне алмадық.

Құрметті Қайрат Пернешұлы және Алик Жатқамбайұлы! Аты аталған мәселелерге байланысты заңды қадағалаушы қос орган ретінде прокурорлық тексеру, қызметтік тексеру жүргізіп, мұны өз бақылауларыңызға алуды сұраймыз», – делінген.

Айта кетейік, бұл мәселеге байланысты әлі біз ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атына, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек мырзалардың атына ресми хат жолдайтын боламыз.

 

https://dalanews.kz/35737

Рекомендовать
Последние новости