Даниал Ахметов: "Сүт-тауарлы пункттеріне ашық сатып алу жүйесі қажет"

Dalanews 23 янв. 2018 11:43 914

ШҚО әкімі Даниал Ахметов ШҚО сүт өндірісін дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындады және Алматы қаласындағы импорттық сүт өнімдеріне талдау жасауды тапсырды. Ондағы мақсат қажетті жабдықтар сатып алып, отандық нарыққа шетелден жеткізілетін тауар түрлерін Шығыста шығару.

Шығыс Қазақстан облысында сүт өндірісін ұлғайтудың негізгі әлеуеті халықтан сүт сатып алу болып табылады. Мұны сүт фермалары мен кооперативтер құру арқылы жасауға болады.

–  Егер тиімді және ашық сатып алу жүйесі болмаса, ешқашан сүт-тауарлы пункттер, кооперативтер дамымайды. Төлем жоқ болса, неге сатып аламыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Ауыл шаруашылығы басқармасы алгоритм жасап, осыған байланысты ауыл әкімі, ветеринарлардың не істеу керектігін нақтылау керек. Басқарма осы мәселеде қадағалау функциясын атқаруы тиіс.

Халықты сүт өңдеу кәсіпорындарымен және сүт фермаларымен жұмыс істеуге ынталандыру қажеттігі ауыл шаруашылығы басқармасының күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Сондай-ақ, аймақ басшысы субсидия бөлу үрдісіне ерекше назар аудару қажеттігін де жеткізді. Өйткені, 4000 литр сүт пен 20 литр сүт беретін екі түрлі сиыр үшін фермерлердің тең деңгейде субсидия алуы әділетсіз. Алдағы таңда ШҚО сауылатын сүттің шекті деңгейін бекітілмек, ал оны орындай алған фермер мемлекеттік қолдауға ие болады.

– Ілгері баспайтын істі неге субсидиялаймыз? Шекті деңгейді бекіту керек. Мысалы, 4000 литрге жетті ме, сонда ғана облыстың субсидиялары бөлінуі тиіс. Ал ауыл шаруашылығын басқармасы осы бағдарламаны экономика басқармасында дәлелдеп, қорғауы керек, –деп тапсырды облыс әкімі.

Кездесу қорытындысы бойынша аймақ басшысы 2018 жылы Қытайдың экспорттық әлеуетіне назар аудару керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ірі сүт фермаларын одан әрі дамытуды қолға алып, құрылысымен және қайта құрумен айналысуды жүктеді. Басты мақсат – оларды заманауи жабдықтар жарақтандыру.

Рекомендовать
Последние новости