Даниал Ахметов Семейде салынып жатқан мектептердің құрылысын қадағалады

Dalanews 08 авг. 2021 09:58 1075

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына жұмыс сапарымен барып, Степной және Восточный шағын аудандарындағы мектептердың құрылыс қарқынын қадағалады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылыс алаңдарын аралау барысында Даниал Ахметов маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы кесте бойынша жүріп жатқанына көз жеткізді. Степнойдағы 300 орындық мектеп жыл соңында пайдалануға беріледі. Яғни, 3-ші тоқсаннан бастап оқушылар жаңа мектептің партасына отырады. Бұрын Степнойда мектеп болған жоқ. Балалар 10 шақырым жердегі мектепке барып оқитын.

– Әлеуметтік нысанның құрылысымен қатар ауданның коммуналдық мәселесін де шешеміз. Мектепке тартылатын жылу құбыры Степнойдың көп қабатты үйлерін де жылумен қамтамасыз ететін болады. Орталықтан таратылатын жылу жүйесі тұрғындарға биыл жетеді, – деді аймақ басшысы.

Восточный шағын ауданында 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Ол да жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Жақын күндері әрлеу жұмыстары басталады. Құрылыс барысында энергиямен, жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселелері туындаған еді, бірақ қазір барлығы шешілді.

– Восточныйдағы жаңа мектепті жергілікті жұрт асыға күтіп жүр. Өйткені, ондағы екі мектепте де бала толық, шағын ауданның халқы өсіп келеді. Енді жаңа мектеп оқушыларға қатысты біраз мәселені шешеді. Бүгін мен Семей қаласының білім бөліміне мектеп қажеттілігін зертеуді тапсырдым. Егер қажеттілік бар болса, біз 600 орындық тағы бір типтік мектеп салуға дайынбыз, – деді әкім.


Сондай-ақ, Даниал Ахметов Семейдің «Орталық» жылыту қазандығын қайта жаңғырту жұмысының барысын бақылады. Мұнда жөндеу жұмыстары 75%-ға аяқталған. Қазір тағы бір қазандық орнатылатын қосымша нысанның құрылысы жүріп жатыр. Енді қазандықтың қуаты 84 Гкал-ға дейін артады.

Құрылысшылардың айтуынша, 26 желтоқсан – Энергетиктер күніне орай нысан пайдалануға беріледі. Семейдегі барлық қазандықты қайта жаңғырту облыс әкімнің жеке бақылауында болады және жүргізіліп жатқан жұмыстар қаланы жылумен қамтамасыз етудің басты мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Бейбітшілік» аралына барған аймақ басшысына Семей қаласы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков аралды абаттандыру жобасын таныстырды. Сонымен қатар, облыс басшысы перинаталдық орталыққа барып, жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесін бағалады.

Даниал Ахметов нысандарды аралап болғаннан кейін қала жолдарын жөндеу, Семей қаласының орталық саябағын абаттандыру, қысқы жылыту маусымына дайындық және 2022 жылға тұрғын үй құрылысын жоспарлау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Рекомендовать
Последние новости