Бизнесті буындыру

Dalanews 12 июл. 2017 03:57 854

Тәуелсіздікті алғанымызға 25 жыл болды. Осы уақыт аралғында ең көп айтылған мәселе шағын және орта бизнесті дамыту болғанын бәріміз білеміз. Елімізде бизнесті қаржылай қолдау мен түрлі бағдарламалар көбейген сайын кәсіпкерліктің дамып кеткенін көрген жоқпыз. Қайта күн өткен сайын бизнестің белі еңкіш тартып келеді. Оны қарапайым төмендегі мына бір мысалдан-ақ аңғаруға болады.

 

Астраномиялық өлшемдегі айыппұл

Үстіміздегі жылы мамыр айында Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықын қорғау кеңесі елордадағы монополисттердің шамадан тыс айыппұлдары кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырғаны талқылады.
Анығарақ айтсақ, «Астана су арнасы» мекемесі «Марден» бизнес орталығына қызмет көрсетіп жүрген компанияға суды 37 күн пломбасыз пайдаланғаны үшін 28,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салғанын естігенде шалқамызда түсе жаздадық.

Ал қызмет көрсетуші шағын бизнес нысаны ай сайын суды пайдаланғаны үшін «Астана су арнасы» мекемесіне 200 мың теңге төлеп келген. Ал су есептегіш құрылғыдағы пломба болмағаны (абайсызда түсіп қалған болуы керек) үшін жергілікті монополист еш ойланбастан (обал, сауапты ескермей) ондаған адамға жұмыс беріп, мемлекетке уақытында салық төлеп отырған кәсіпкерге 28 млн. теңге айыппұл салғанын қалай түсінуге болады?
Бизнес орталыққа қызмет көрсетуші компанияға болмашы қателік үшін 28 млн. теңге айыппұл салау ақылға симайтын-ақ жайт. Керек десеңіз, қарапайым қызмет көрсетуші кәсіпкердің жылдық табысының өзі 28 млн. теңге болмауы мүмкін ғой. Осы жағын «Астана су арнасы» мекемесінің басшылары ойлады ма екен?  

Бұл оқиғадан жергілікті монополист компанияның елімізде бизнестің дамуына қаншалықты "мүдделі" екенін байқауға болады. Олар бизнестің дамытудың орнына, бизнесті тұншықтыратын заңдармен жұмыс істеп келген.

Ай сайын су үшін 200 мың теңге төлейтін кәсіпкерге болмашы мәселе үшін 28 млн. айыппұл салау шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау емес, оларды қолмен буындырып өлтіргенмен бірдей ғой.

 

Жемқорлыққа бастайтын айыппұлдар

Еліміздің орталығы, бизнес қолдау шаралары жоғары деңгейде дамыған Астандағы кәсіпкерлер дәл осындай сорақы жағдаймен бетпе-бет келіп жатса, алыс аудандардағы кәсіпкерлердің қандай күйде жұмыс істеп жатқанын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын.

Бүгінде елімізде бизнеске салынатын айыппұлдардың көлемін қайта қарау керек.
Егер жағдай осылай кете беретін болса, бір ғана айыппұлды өзі жылдар бойы еңбектенген кәсіпкердің еңбегін бір күнде еш, тұзын сор қылатыны сөзсіз. Сондықтан айыппұлдардың көлемін мейлінше төмендету қажет.

Кәсіпкер миллиондаған айыппұлды төлей алмаған соң, бұл мәселені жемқорлық жолымен шешуден басқа амалы қалмайтыны анық. Осылайша шамадан тыс айыппұлдар монополисттер мен қадағалаушы органдарды кәсіпкерден ақша бопсалау үшін қажет болып тұрғанын байқауға болады.

Миилондаған айыппұлды төлегенше, бизнесіңіді банкрот қылып, 28 млн. теңгені басқа бизнесті дамытуға жұмсаған жақсы ғой. Сондықтан мұндай қомақты айыппұлдарды жемқорлықтың қанат жаюына қолайлы жағдай туғызушы фактор деп атағаннан басқа амалымыз жоқ.



Алпауытты несіне аяймыз?

Отандық кәсіпкерге айыппұлды өкіртіп тұрып салуға шеберміз. Ал елімізде мұнай өндіріп, қазба байлықтарын сүлікше сорып, қоршаған ортаға орасан зор залал келтіріп жатқан алпауыттарға айыппұл салғанда тым жұмсақпыз.

Егер біздің қадғалаушы және жергілікті билік орындары мықты болса, алдымен азуын сол алпауыттарға көрсетпей ме?
Қазіргі таңда қоршаған ортаны ластап, экологиялық заң талаптарын өрескел бұзған компанияларға келген біздің заңымыз да, шенеунігімізде иі қанған былғарыда былқ-сылқ ете қалады. Жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар экологиялық мәселелерге қыруар қаржы бөліп, Қазақстанның заң талаптарын орындағанша, сол заңда көрсетілген айыппұлды төлеп, жұмысын ары қарай жалғастырғанды жөн санайды. Мұны енді бес жасар бала да білетін жайт қой.

Егер алпауыт компаниялар қоршаған ортаға залал келтірсе, оларды тізгіндейтін заңымыз бар. Тіпті, бұл заңыңыз дамыған Батыс елдеріндегі заңдардан кем түспейтіне бәс тігем. Тек бір "әттегенайы" сол заңдарда көрсетілген айыппұл мөлшерлері өте төмен. Сондықтан ірі компаниялар экологиялық талаптарды бұзғанда айыппұл төлеп құтылып келеді.

Бұдан нені аңғарамыз? Біріншіден, біздің шенділердің инвесторлардың алдында тым жалтақ екенін, болмаса, оларға қандайда бір жолмен "кіріптар" болып қалғанын пайымдауға болады. Шенділер алпауыт компаниялардан тәуелсіз болса, оларға мұншалықты жұмсақтық танытпас еді ғой.

Егер отандық және шетелдік ірі компанияларды еркіне жіберіп, ал шағын және орта бизнес өкілдеріне аямай айыппұл салуды тоқтатпасақ, біздің экономикамыз құрдымға кететіні анық. Сондықтан бұл мәселені қазірден бастан шешу керек.

Нұрлан ЖҰМАХАН 

Рекомендовать
Последние новости