Елордада Алматы облысының Мәдениет күндері басталды

Dalanews 12 июл. 2017 04:32 1200

Астана қаласында ЭКСПО Халықаралық көрмесінің аясында Алматы облысының Мәдениет күндері басталды. Мәдениет күндері «Қазақстан» орталық концерт залында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жəне «Алатау əуендері» өнер ұжымының «Жетісу – жұмақ мекенім» атты концертімен салтанатты түрде ашылды.

Шараға Алматы облысының əкімі Амандық Баталов, Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов арнайы қатысып, ең алдымен зал фойесіндегі облыс суретшілері мен қолөнершілерінің көрмесімен танысты.

Концертте М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі, «Сазген», «Адырна», «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері, «Талдықорған əуендері» ансамблі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген əртістері Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтар, Ұлжан Айнақұлова жəне басқа да əншілер өнер көрсетті. Мазмұнды шарада Жетісудың бай өнері мен мəдениеті, көпэтносты халқының бірлігі паш етіліп, «Экспо» көрмесіне арнайы жазылған «EXPO мереке» əні мен «EXPO» биі де көрермендер назарына ұсынылды.



Жалпы Алматы облысының Астанадағы Мәдениет күндеріне Жетісу өңірінен 400-ге жуық әртістер, суретшілер, спортшылар, қолөнер шеберлері және басқа да өнер иелері келген.

Мәдениет күндері 11-15 шілде аралығында өтеді. Жетісу аймағы астаналықтарды түрлі театрлық қойылымдарымен, концерттерімен, қолөнер және суретшілер көрмелерімен, спорттық жарыстарымен қуантатын болады.


Рекомендовать
Последние новости