Бюжет тапшылығы №1 мәселеге айналып, Үкімет жан-жаққа қол жая бастады

Кәмшат Тілеухан 20 нояб. 2024 14:20 569

Мәжіліс депутаттары 20 қарашада палатаның жалпы отырысында "ел экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында" деген әдемі желеумен тағы бір халықаралық инстиуттан қарыз алуды көздейтін заң жобасын қарады. Алдында ғана, 13 қарашада Азиядағы тағы екі банктен заемды алуды қарастыратын заң жобалары Мәжілістің қарауына келіп түскен болатын. Сонда бұл – сырттан алынатын заемның үшіншісі. Бұл қарыз ақшалардың барлығы, шындығында бюджет жыртығын жамау үшін керек болып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Иә, Үкімет бюджет тапшылығы мәселесін жою үшін Ұлттық қордан бірнеше трансферт тартқаны аздай, енді шетелдік банктерден де қарыз ақша алуға көшкен.

"Аталған келісім Астанада 2024 жылдың 11 қазанында жасалды. Халықаралық Қайта құру және даму банкі Қазақстан Республикасына өтеу мерзімі 11 жыл болатын 84,9 млрд иен сомасына (270,5 млрд теңге) қарыз ақша береді. Қарыз қаражаты жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде ел экономикасының орнықтылығын қолдау үшін тартылды. Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасы бойынша қорытындыны дайындауға дайын", - деді бүгін Мәжілісте депутат Татьяна Савальева.

2024 жылғы 13 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін 105 млрд иеннен астам сомаға (366 млрд теңге) екі халықаралық қаржы ұйымынан қарыз ақша тартуды көздейтін заңның екі жобасын қарауға алғаны белгілі.   

Тарқатып айтсақ, Қазақстанға Азия даму банкі (АДБ) 52,3 млрд иен, ал Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкі 52,7 млрд иен (жиынтығында 105 мрд иен немесе $677,5 млн) бөлуді көздеп отыр. Азиялық қаржы ұйымдарының қос қарызды 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, Қазақстанға 15 жыл мерзімге берілмек.

Сонда Қазақстанның шетелдік банктер алдындағы осы үш қарызының өзінің көлемі 636 млрд теңгені құрамақ.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 30 трлн 504,8 млрд теңгені құрайды. Бұл - еліміздің ЖІӨ көлемінің 22,6%-ы.

Cондай-ақ тағы бір маңызды цифр: Қазақстан Үкіметінің қарызы 28,8 трлн теңге: оның ішінде ішкі борышы – 21 567,6 млрд теңге (75%), сыртқы борыш 7 217,0 млрд теңге (25%) болады. 1 қазандағы жағдай бойынша Үкіметтің АДБ мен АИИБ алдындағы жалпы қарызы 970 млрд теңге немесе барлық сыртқы қарыздардың 13,4% көлемін қамтиды. Енді оған жаңадан алынатын қарыздарды қоса беріңіз!

"Бұл заң жобалары Мәжіліске келіп түскенде сондағы біреуі ләм-мим деп тіл қатып, бас көтермеді ме" деген бұл арада заңды сұрақ туады. Ондай сөз болды.

Депутат Ерлан Сайыров 30 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында бюджет тапшылығының бір бөлігін жабу үшін 4 трлн теңге займ алғалы жатқанын баса айтып, бұған наразылық білдірген-тұғын.

"Қазақстанның коммерциялық банктерінде миллиардтаған халық ақшасы жатыр. Бір Халық банкте Ұлттық қордың 500 млрд теңгесі, басқа жекеменшік банктерде 600 млрд теңгесі бар. Осыларды неге пайдаланбасқа? Неге біз сырттан қарыз ала беруіміз керек", - деді ол.

Ол мемлекеттің ақшасына өмір сүретін банктер Қазақстанда ғана шығар деп назаланды. Ал коммерциялық банктердің кезінде сауықтыру мақсатында алған қарыз ақшасы мәселесі Dalanews.kz алда жазатын өзге талқы тақырыбы болып табылады.

Айта кетсек, Ұлттық қордан тағы да қосымша трансферттің тартылуын сарапшы Бюджет кодексін бұзу болып табылатынын айтқан еді. 


Рекомендовать
Последние новости