Бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 2028 жылға қарай 1,4 %-ға дейін төмендетеміз - Бектенов

Кәмшат Тілеухан 27 июн. 2025 16:45

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында тапшылықты азайту жоспарын қамтитын үш жылдық бюджет жобасы туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша Үкіметтің 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7%-дан 2,5%-ға дейін төмендетеміз деген жоспары бар. Сол секілді 2027 жылы 1,8%-ға дейін, 2028 жылы 1,4 %-ға дейін бюджет тапшылығын төмендете отырып, үш жылға арналған бюджет жобасын дайындауда.

"Мемлекет басшысы Ұлттық қордың қаржысын бюджет тапшылығын жабу үшін емес, тек қана республикалық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу керек деп бізге нақты тапсырма қойды. Біз осы тапсырмаларды мүлтіксіз орындаймыз", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Іске асырылып жатқан реформалар жалпы алғанда бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға және оны жоспарлау сапасын жақсартуға, Мемлекет басшысы алға қойған экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге ықпал ететінін атап өткен жөн.

Жаһандық экономиканың өзгермелі жағдайында Қазақстан тұрақты қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді сақтап келеді.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында осы жылдың алғашқы 5 айында еліміздің ЖІӨ өсімі 6%-ды құрағанын, негізгі капиталға инвестиция көлемінің 18%-ға артқанын атап өтті.

Екінші деңгейлі банктердің бизнеске несие беру көлемінің артуы оң нәтиже болды. 

Биылғы көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға өсті.

Салалар арасында құрылыс секторы (15%-дан астам), көлік және қоймалау (23%), өңдеу өнеркәсібі (6%) және сауда (шамамен 8%) экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды.

"Бұл қазіргі уақытта қарқынды өсуді қамтамасыз ететін негізгі салалар.
Ендігі біздің басты міндетіміз – осы қарқындар мен көрсеткіштердің барлығын сақтап қалу, одан да арттыра түсу. Осы орайда Үкімет даму бюджетін қоса алғанда, нығайту бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп келеді. Жүргізіліп жатқан салық реформасының арқасында біз келесі жылдан бастап инфрақұрылымды дамытуды қаржыландырудың едәуір өсуін күтеміз, бұл ұзақмерзімді орнықты өсу үшін алғышарттар жасайды",
— деп атап өтті Премьер-министр.


Рекомендовать
Последние новости