Бишімбаев ісі: Ресейде жасалған сараптама кәдеге аспай қалды

Көркем Алдабергенова 17 апр. 2024 11:08 12219

Судья Айжан Күлбаева Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты мәскеулік мамандар жүргізген сараптама нәтижесін іс материалдарына қосу туралы өтінішті қанағаттандырмады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Судья қосымша сараптама жасалатыны туралы сотқа, прокурорларға уақтылы хабар берілмегенін және сараптама заңды бұза отырып жасалғанын айтты.

16 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары ресейлік мамандардың сараптама нәтижесін бірнеше сағат бойы оқып шыққан болатын. Сараптамада Салтанат Нүкенованың өліміне ол қайғылы оқиға болардан 3-4 апта бұрын алған жарақаты себеп болғанын айтылған еді. Алайда бұл сараптама қорытындысы алматылық мамандар жасаған сараптама нәтижесіне қайшы болған.

Бишімбаевтың қорғаушылары мәскеулік мамандармен жеке сот медициналық сараптама жасатқан болатын. Алайда олардың бұл бастамасы туралы құзырлы органдар бейхабар болған. Сараптама қорытындысы жалған болып шыққан жағдайда сараптама жасаған мәскеулік мамандарды жауапқа тарту мүмкін емес. Бұл туралы прокурор айтқан болатын. Оның бұл пікірін жәбірленуші тарап та қолдаған еді.

Еске салайық, Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысында айыпталушының адвокаттары ресейлік сот-медициналық сарапшыларының Салтанаттың өліміне байланысты шығарған шешімін оқыды. Бишімбаевтың адвокаттары сотта Мәскеу қаласындағы "Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінің" ресейлік сот-медициналық сарапшыларының қорытындысын баяндады.

Осы тұста ресейлік сарапшылар қазақстандық мамандардың сөзін жоққа шығарды. Айтуларынша, Нүкенова бас миының ауыр жарақаты салдарынан қайтыс болмаған. Бұған Салтанаттың өліміне дейін 3-4 апта бұрын алған ескі гематомадан баста қан кетуі себеп болды деседі.

Ал 9 сәуірде алматылық сот-медицина эксперті Тахир Халимназаров процесс барысында манекен арқылы марқұм Салтанат Нүкенованың өліміне қандай жарақаттар себеп болғанын көрсетті.

Тахир Халимназаров сот отырысы барысында судьяның сұрақтарына да жауап берді.

"Қарапайым сөзбен айтсақ, басына соққы жасағанымен қоса, жәбірленушіні қылғындырған ба?" - деді судья.

Ал сарапшы белгілері барын айтты.

Артынша судья "марқұмның басына кем дегенде 12-13 рет соққы жасалып, одан кейін қылғындырған ба, дұрыс па?" деп нақтылады.

"Мүмкін. Иә (мойнынан қылғындырған ба деген сұраққа жауап - еск.)", - деді эксперт.

Бұған дейін сарапшы бұл жарақаттар Нүкенованың мәйітін сараптау нәтижесінде анықталғанын айтқан еді.

Оның сөзінше, мұның бәрі жалпылама бас жарақаты болып саналады. Оған бетіндегі жарақаттар да, бас сүйегіндегі жарақаттар да жатады.


Рекомендовать
Последние новости