Биліктегі зейнеткерлер коронавирусты көтере алмауы мүмкін - сарапшы

Dalanews 12 мар. 2020 15:34 825

Экономист, Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов шартарапты шарпыған коронавирус әлем экономикасына шүйліккенімен қоймай, биліктегі аға буынның қатарын селдіретіп кетеді деген пікірде деп хабарлайды Dalanews.kz.


Оның тұспалдауынша наурыздың соңына таман қауіпті індет дүниенің төрт борышына түгел таралады. Осы індеттің ізін жасырып, сырқатқа шалдыққандардың санын сырт көзден көлегейлеген елдер өзгелердің табасына ұшырайды.


Сарапшының пікірінше Қытай вирусты ауыздықтауға шақ тұр. Алайда мұның соңы ел экономикасын шатқаяқтатып тынады.


Коронавирус Қытай экономикасын 1 трлн долларға ойсыратып кетті. Оның орнын толтыру оңайға соқпайды, оның үстіне індеттің қыспағында қалған өзге елдер кеселмен күресе алмаса, вирус Қытайға қайта айналып соғуы ғажап емес.


"Коронавирус балаларға жауықпайды, ал егде жастағы буынды баудай түсіреді. Сырқатқа шалдыққандардың арасында бесіктегі сәбилер мен қыз-бозбалалардың үлесі 2 пайыздан аспайды екен.


Тажалдың тырнағына ілінгендердін 99 пайызы 60-тан асқан аға буын. 75 пайызы вирус жұқтырғанға дейін дімкәс, аурушаң болғандар.


Коронавирус оңайшылықпен алдыра қоймасын, кез-келген ортада төзімді екенін дәлелдеп бақты. Бұл түрімен жер бетіндегі 7 млрд адамға түгел жұғып шықса таңғалмаңыз.


Түнеукүні Меркельдің өзі осыны меңзеп, немістердің 70 пайызы коронавирустың қармағына ілінетінін айтты. Канцлер мысалға келтірген 70 пайыз 60-тың асуынан асқан аға буын. Неміс жеріндегі жастар мен балалардың үлесі 30 пайыздың ар жақ, бер жағында.


Тоқ ететін айтқанда бұл эпидемияны адамзаттың 2-3 пайызы еңсере алмай мына жалғанмен қош  айтысады.


Соның нәтижесінде биліктің төбе басында отырған ата буын, аға буынның қатары селдіреп, олардың орнына жаңа толқын келеді. Бұл билік қана емес, басқа да салаларды шарпиды.


Бизнес, қоғамдық ұйымдар тіпті қылмыстық топтардың қатарында буын алмасу процесі жүреді. Сөзсіз мұның саяси салдарын сезінеміз" – дейді Тоқаевтың уәзірі.


Оның пікірінше індет трансұлттық компанияларды құзға құлатуы мүмкін. Қамбасы ортайып, қалтасы жұқарған олар өздері сауын сиырға айналдырған елдерден кетіп тынады. Бұл олар бастап берген жаһандану процесін баяулатып, даму жолына түскен әлемді 3-4 жылға артқа лақтырады.


"Коронавирус мемлекеттік басқару ісінде кемшілігі көп елдерді есеңгіретіп кетеді. Әлбетте бұл сапта  біздің ел де бар. Індеттен кейінгі әлем адам танымастай өзгереді. Толеранттылық жайына қалады. Басынан сөз асырмайтын, әзіргіге қарағанда әлдеқайда қауіпті, қатерлі алмағайып заман орнайды" – дейді Құдайбергенов.


Әзірлеген Думан БЫҚАЙ 




Рекомендовать
Последние новости