Аралға қолдан жаңбыр жауғызып, Rainman атанған қазақстандық ғалым Алтай Айнабек 3 ай бұрын Алматының көк түтінімен күресуді қолға алды. Ірі мегаполистің жағдайына алаңдап, арнайы жоба әзірлеген ғалым түйіні шешілмей тұрған мәселені аяқтан тұрғызуға болатынын жеткізген еді. Алайда мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Айнабектің жобасына күмәнмен қарайтынын жасырмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бір адамның “сиқырлы таяқшаны” қолданып, бүкіл қаланы тазартып жібергені маған таңсық. Егер бұл шындыққа жанасса, өзім барып, қолын қысып, оны Алматының құрметті азаматы деп жариялауын сұрар едім. Бірақ шыны керек, бұған сену қиын”, – деді Пономарев KazTAG редакциясына берген сұхбатында.
Ол Алматы экологиясын тек кешенді шаралар арқылы шешуге болатынын айтты. Мәселен, жылу электр стансаларын газға көшіру, экологиялық таза көлік түрлерін дамыту, құрылыс қалдықтарын бақылаусыз тасымалдауға қарсы күрес және басқа да шаралар кіретінін жеткізді.
Депутаттың айтуынша, Алматыдағы жылу электр орталығы (ЖЭО-2) 2026 жылдың 31 желтоқсанында газға толық ауысады.
“Бұл жобаны қазір үш қытайлық компания мен Siemens атты австриялық компания жүзеге асыруда. Қажетті қазандықтар АҚШ-та жасалып, Алматыға жеткізіліп жатыр. Жоба көлемі орасан, барлығы белгіленген мерзімде аяқталады”, – деді ол.
Дегенмен, Пономарев Алматының көмірден толығымен бас тартпайтынын ескертті.
“Апаттық жағдайларда біз Екібастұздың көмірін резервтік отын ретінде пайдалана аламыз”, – деп түсіндірді ол.
Осы тұста, депутат газға көшудің бір кемшілігін атады.
"Газды қолдану көмірге қарағанда 2–2,5 есе қымбат. Бұл тарифтің өсуіне әкеледі", – деді ол.
Сонымен бірге депутат экологияны жақсарту үшін заңға енгізілген өзгерістер туралы айтып өтті. Оған құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз тастауға қатысты қатаң шаралар мен жасыл желектерді заңсыз кесуге қарсы қатаң нормалар енгізілді.
KazTAG редакциясы әлемдік тәжірибеде қалалардың ауасын тазарту технологияларын зерттей келе, мұндай ауқымды қалаларда ауаны тез әрі тиімді тазартатын кеңінен қолданылатын жүйелердің жоқ екенін анықтады. Қазіргі таңда бірқатар эксперименттік әдістер ғана бар:
- Смог мұнаралары(Smog Free Tower). Қытайда жасалған бұл құрылғылар ауаны шектеулі аумақта тазартады. Алайда Алматы сияқты ірі қала үшін мұндай мұнаралардың мыңдаған данасын орнату мүмкін емес.
- Жасыл желектер. Ағаштар мен өсімдіктер зиянды заттарды сіңіреді, бірақ бұл ұзақ мерзімді шешім.
- Иновациялық материалдар. Құрылыс нысандарына зиянды заттарды жоятын арнайы жабындар қолдану мүмкіндігі зерттелуде.
- Дрондар мен аэрозольдер. Ластанған ауаны тазартуға арналған эксперименттік жобалар бар, бірақ олар әлі толық зерттелмеген.
Мәжіліс депутаты Пономаревтың пікірінше, Алматы ауасын тазарту мәселесін шешу үшін нақты әрі ғылыми негізделген тәсілдер қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда нәрестеге дейін темекі шегіп жатыр деп дабыл қаққан маман Dalanews.kz агенттігіне жаңа жобасын таныстырған болатын.
“Технология жаңа болғандықтан, оны ендіру тетіктері мен өлшеу жолдарының бекітілген жоспары жоқ. Әкімшілікпен жүзеге аспай келеді. Біз бірінші келсек те, әрдайым екі ай тегін жұмыс жүргіземіз. Нәтиже көрсеткеннен кейін, оны таза күйінде сақтап отыруға күш жұмсаймыз. Осылайша екі ай ішінде верификациялық құралдарды бекіткеннен кейін қаржыландыру көздері арқылы бірнеше жыл бойы жұмыс жүргізу ұсынысын жасаған едік. Бастапқы 3-5 жыл аралығында коммерциялық жоба етіп, ары қарай Алматы қаласының әкімдігіне технологияны өткізу мәселесін қарастырғанбыз. Дегенмен әкімдіктен жауап болмады. Сондықтан бұл жолы аталған жобаны ғылым, технология, бизнес әлеуметпен бірігіп жүргіземіз”, - деді маман.
Сонымен қатар ғалым жобаны аяқтан тұрғызу үшін қайырымдылық қоры ашылғанын құлаққағыс етті.
“Жобаны іске асыру үшін кәсіпкерлерден демеушілік етуін сұрап, хаттар дайындап отырмыз. Осы мақсатта арнайы “Altay Rain Man foundation” қорын аштық. Осы қор арқылы жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жеті айға созылатын жобада университеттердің біреуімен коллаборация жасап, сол жерде технологияның ғылыми зерттеу құралдарын бірге бекітіп, Қазақстан қалаларының ауасын жақсартуға байланысты ғылыми жұмыспен айналысамыз. Адамдардың көшеде бетпердесіз және көлік терезесін ашып отыра алатындай жағдайын жасауға әрекеттенеміз”, - деген еді жоба авторы.