Ботагөз ИСАЕВА: «Мені жындыханаға жатқызбақ болды...»

Dalanews 18 февр. 2016 00:58 918

 

Қоғамдық белсенді Ботагөз Исаева «Dalanews» сайтына өзінің не себепті Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын және қазіргі күні қайда, қандай жағдайда тұрып жатқанын айтып берді.

– Біздің білуімізше, сіздің елден кетуіңізге бұдан бұрын Қазақстанға және осындағы жергілікті ұлтқа, ұлттық тұтастыққа тіл тигізген және сол үшін айыпталған Ермек Тайчибековтің арызы себеп болған. Ол арызда не делінген?

– Иә, бәрі де Тайчибековтен басталды. Үстінен іс қозғалғаннан кейін ол маған қарсы арыз жазған. «Исаеваның парақшасында ұлтараздықты қоздыратын жазбалар өріп жүр» деп... Құзырлы органдар мұндай ештеңе тапқан жоқ. Бұл өткен жылдың 3-ші тамызындағы жағдай-тын.

Бір жазбаны ғана өзімдікі ретінде мойындадым. «Қорғаныс министрі Тасмағамбетов солтүстік шекараны бекітіп жатыр» деген әлдебір сайттың ақпарын сілтеме жасап бөліскенмін. «Дұрыс, солтүстік шепті бекіту керек. Өйткені, ол жақта ертеңгі күні не істейтінін аңдап білмейтін қауіпті көрші  – Ресей бар» деген пікір жазғанмын.

Қызық болғанда, арада бір апта өткесін, 10 тамызда үстімнен іс қозғады. Ермек Тайчибековтің арызы бойынша әлгі жазбадан ұлтараздықты қоздыратын белгі тауыпты. Сөйтіп, тергеу басталды.

– Бірақ содан кейін бұл мәселеге нүкте қойылғандай болатын. Тергеушілердің сізді қайта назарға алуына не себеп болды?

–  Қателесесіз, бұл мәселеге нүкте қойылған жоқ еді. Тек сәл тынышталғандай болған. Кейін Тайчибековке қатысты сот шешімі шығардың алдында (10 желтоқсан күні) үш күні бұрын – 7 желтоқсанда таңертең үйіме бір топ полицей кіріп келді.

Тінтуге және жауап алу үшін 72 сағатқа алып кетуге келіпті. «Азаттық» радиосының тілшісі келе қалмағанда әлгілер аузымды аштырмай алып кетер ме еді... Журналисті көргеннен кейін тергеушінің мысы басылып қалды. Тиген жоқ. Кетердің алдында: «Бүгін сағат төртте жауап алуға кешікпей келіңіз!» – деді. Бардым (облыстық ішкі істер бөлімшесі қалалық департаменттің жанында орналасқан).

Тергеу түнгі сағат 10-ға дейін созылды. Тағы сол жазбалар туралы сұрады. Ілгеріде айтқан шекара туралы ақпаратты мойындадым, ал қалғандарына қатысым жоқтығын айттым.

«Сізді біреу қолдап жүрген болар? Сізді бұған кім араластырды?» – деді. «Қарғам, қарапайым мұғаліммін. Ешкім қолдаған жоқ. Ал «араластырды» дегенің, тіпті қисынсыз. Бұл – менің азаматтық позициям. Керісінше, ұлтараздықты қоздырған түрлі арандатушы ұйымды жабуға себепкер болдық. Мұны ел біледі», – деп жауап қаттым. Түсініктемесіне түртіп алды.

Кетерде: «Ертең киім-кешегіңізді жинап осында келіңіз. Психиатриялық ауруханаға апарамыз. Жатасыз, сараптамадан өтесіз», – деді.

«Бұған қандай да бір себеп бар ма? Мен мұғаліммін. Жыл сайын тиісті тексеруден өтеміз, бармаймын!» – дедім. «Ендеше, ертең үйіңізге «наряд» жіберемін», – деді әлгі тергеуші.

Келесі күні хабарласып: «Психиатрияда орын жоқ екен. Бірақ, дайын отырыңыз. Кез келген уақытта хабарын беремін», – деді.   

Шынымды айтсам, қорықтым. Өзім үшін де, балам үшін де... Желтоқсанның 9-ы, түнде буынып-түйініп балам екеуміз Киевке ұшып кеттік. Жинаған ақшамыз Киевке ғана жетті.

– Сіздің қуғынға ұшырауыңызға мүдделі азаматтар немесе топтардың болуы мүмкін екенін растай аласыз ба?

–  Бірінші кезекте, мені қудалаған Кремль. Олар Тайчибековті соттап тынғанымды кешіре алмай жүр. Менен кек алғысы келеді. Кремльдің осындағы (Қазақстандағы – авт.) қолшоқпарлары да маған өш.  Осындағы ресейшілдер, ресейшіл ұйымдар менің сотталуыма мүдделі болды. Сөзіме дәлел, «Мир без нацизма» деп аталатын ұйымның жетекшісі Андрей Щербаков былай жазған: «Ботагөз Исаеваны соттасақ, барлық ұлтшылдардың аузын жабамыз». Демек, мені қамаса, бұл бүкіл ұлтшылдардың аузына қақпақ қоямыз дегені... Өз басым мұны солай түсінемін. Бірақ, мені оңай беріледі деп кім айтты?

– Ал ұлтшыл азаматтардың тарапынан сізді «құтқарып» қалуда қандай да бір көмек, қолдау болды ма?

– Болды. Солардың көмегімен жындыханаға жатқызбақ болған тергеушілердің құрығынан құтылып, Киевке ұшып кеттік. Сонымен бірге Украинадағы мүдделес азаматтар да қолдау көрсетті.

– Қазіргі күні Киевтесіз бе?  

– Жоқ, ол жерден кетіп қалдым. Мұнда ресейшіл журналистер өріп жүр. Еркін жүре алмадым.

– Сонда қайдасыз?

– Айта алмаймын. Бірақ, Еуропаның бір еліндемін. Киев арқылы кетіп қалдым. Келе сала саяси баспана сұрап, өтініш жаздым. Қабыл алды. Ендігі жерде «босқын» деген ресми статусым бар. Қазір өзіммен мүдделес Қазақстандағы, Украинадағы достарымның жіберген ақшасын үнемдеп, күн көріп жүрміз. Бастысы – бұл елдің көзқарасы түзу. Еуропа Путинді жек көреді. Кремльдің саясатынан қысым көргендерді қолдайды.

Шынымды айтайын, қазір сириялық босқындардың жанында жүрмін. Соларға арналған арнайы ауданда тұрамын. Солармен бірге аптасына бір рет  тиісті орынға барып бармақ таңбасын қалдырамын. Тамақтан тарығып қалған кейбір кездері солармен бірге ауқаттанамын. Бірақ, бұған қапаланбаймын. Бәрі де өтпелі...

Айтпақшы, қорғаушым хабарласты. Тергеушілер сәлем айтып жіберіпті. «Келсін, қорықпасын, жазасын шартты түрде өтейді. Жағдайды ушықтырып қайтеді», – депті. Не үшін өтемекпін? Осы сауалға жауап бере алар ма екен?

– Естуімізше, Тайчибековті қолдайтындар Владимир Жириновскиймен кездескен. Бұл рас па?

– Иә. «Қазақстанда ресейшіл азаматтар қудалауға ұшырауда», – деп айтқан. Жалпы, бәрі неден басталды? Сіздердің сайттарыңызда әзірбайжан саясаттанушысы Заур Расулзаденің «Қазақтар, қайда қарап отырсыздар?» деген мақаласы жарық көргеннен кейін Ермектің жайы жоғарыға (тіпті, өте жоғарыға) жетеді. Мақала шыққаннан кейін мен әлгі әзірбайжан саясаттанушысына тікелей хабарласып, мәселені әрі қарай іліп әкеттім. Ермектің жазбаларын «скрин-ға» түсіріп, әлгі Заур Расулзадеге жібердім. Бәрі осылай басталған.

Мен елден кеткелі көп нәрсе өзгерді. Кімнің кім екенін білдім. Әлеуметтік желідегі сансыз достарымның көпшілігі мен елден кеткелі хат-хабар алмасуға жарамай қалды. Керісінше, дәл қазіргідей уақытта бізге бірлік керек еді...

Сұхбаттасқан, Аль ФРЕДО


Рекомендовать
Последние новости