Болат Назарбаевтың сенімді серігі Қоспаевтың ісі сотқа жіберіледі

Сағыныш Сардарова 04 мар. 2024 09:07 2818

Болат Назарбаевтың сенімді өкілі деген атпен танымал Елдос Қоспаев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Енді Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобына мүше адамдардың ісі сотқа түседі. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеген болатын. Елемесовтің айтуынша, істі тергеу аяқталып, тараптар танысып жатыр.

"Ол бойынша (Қоспаев ҰҚТ - еск.) іс аяқталды. Қазіргі уақытта танысып жатыр. Танысу аяқталғаннан кейін іс сотқа жіберіледі", - деді АФМ төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті былайғы ортада Болат Назарбаевтың сенімді өкілі саналып келген Елдос Қоспаев бастаған қылмыстық топтың 7 мүшесін Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізгенін мәлімдеген еді. Бұл операция былтыр 6 қыркүйекте жүзеге асырылды.

Бұл топқа ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі рейдерлік жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікпен халықаралық іздеу жариялаған болатын.

"Тергеу мәліметтері бойынша оның мүшелері қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ, көлеңкелі бизнеспен айналысқан", - деп жазылған болатын мәліметте.

ҰҚК операциясы шеңберінде шетелдік әріптестермен тығыз іс-қимыл жасай отырып, топ қатысушыларының орналасқан жері анықталды.

Күдіктілер  ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметінің жауынгерлерінің айдауылымен Астанаға жеткізілді және қылмыстық қудалау органының қызметкерлеріне берілген еді.

Айта кетейік, Алматы облысында Елдос Қоспаевтың өзі тұтас бір шатқалды басып алып, онда ешқандай рұқсатсыз нағыз ранчо тұрғызған деген деректер де бар. Бұл мүлікте ол жылқы ғана ұстамаған. Үйдегі хайуанаттар бағында аю, тіпті африкалық арыстандар жұбы да болған.


Рекомендовать
Последние новости