Болашақ журналистерге арналған шеберлік сағаты өтті

Dalanews 17 нояб. 2021 15:39 829

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Хабар» телеарнасы «Отдел журналистских расследований» бағдарламасының журналистері М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенттері үшін шеберлік сыныптарын өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистер Айгүл Әділова, Дмитрий Олейников және режиссер Арман Ештаев студенттермен журналистік өмірдің құпияларымен бөлісіп, теледидарда жұмыс істеудің қиындықтары мен артықшылықтары туралы айтты. Бірінші курс студенттері арасында «Отдел журналистских расследований» бағдарламасында көтерілетін тақырыптар қызығушылық тудырды. Өз ісінің мамандары болашақ журналистерге үнемі білім алуға, оны қызмет аясында пайдалануға және жетістіктерге қол жеткізу жолында ешқашан тоқтамауға кеңес берді.

Айта кетейік, студенттер үшін шеберлік сабақтарын өткізу «Хабар» Агенттігі қызметкерлерінің дәстүріне айналды. Мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасу және Қазақстандағы журналистиканы дамытуға бағытталған.

– Маман тапшылығы мәселесі қашан да өзекті. Кез келген сала үшін маңызы жоғары. Мемлекет ЖОО-ның дұрыс бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Ең бастысы – жастардың дамуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Мамандықты дұрыс таңдап, біліктілігін арттырып отыру – әркімнің өз қолында, – деді «Отдел журналистских расследований» жобасының жетекшісі Айгүл Әділова.


Айта кетерлігі, дәрісті тыңдауға жиналғандар - оқу орнындағы жаңа мамандықтың алғашқы легінің студенттері. Болашақ журналистер аналитика мен журналистік зерттеулерге маманданғандықтан, бұл мастер-классты  аудитория жақсы қабылдады.

«Студенттер жақсы пікірлерімен бөлісті. Шынында да, іс-шара қызықты болды. Спикерлер түсірілім кезінде орын алған жағдайлар туралы айтты. Ынтымақтастықты одан әрі жалғастырғымыз келеді», - деді ҚазМЗУ-дің Жоғары гуманитарлық мектебінің деканы Анар Ибраева.

Рекомендовать
Последние новости