2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында елімізге 17,9 мың тонна картоп шетелден әкелінген. Бұл - өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық көлем. Ең бастысы, біздің бүгіндері жеп жүргеніміз – Қытайдың, Пәкістанның картобы. Ал бұл Қазақстанның өз өнімі жоқ дегенді білдірмейді. Мәселен, кеше СҚО-ның тұрақтандыру қорыннан қысы-жазы жатып қалған 90 тонна артық картоп табылып, жергілікті БАҚ у-шу болды. "Солтүстік" Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мұнша көлемдегі картоптың дер уақытында халыққа неге жетпегенін жергілікті журналистерге түсіндіре де алмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өңірдегі ӘКК басшысылығына: "Тұрақтандыру қорындағы арзан картоп (1 келісі 115 теңгелік) осы күнге дейін неге дүкен сөрелеріне шықпаған" деген нақты сұрақ қойылды.
Ол: "Бұл сауалға мен жауап бере алмаймын, не айтатынымды да білмеймін" деп ағынан жарылған. Көп ұзамай журналистер алдына қайта шыққан "Солтүстік" ӘКК" басқармасы төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашев: "200 тонна картоптың 160 тоннасын біз игердік, ал қалған 90 тоннаны (бүлініп кетпесі үшін) жеке кәсіпкерге бердік, ол күзде тура осындай көлемде қорға картоп әкеліп қоятын болды", - деді. "Кәсіпкерге неге бересіз, әлде біздің дүкендерде картопқа сұраныс жоқ па, сонда бұл артылған көлем бе" деп артынша қарша бораған сұрақтарға шенді жауап бермеуді жөн көрді.
Картоптың 1 келісі - 1300 теңге
Демек, тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызды тауар барына қарамастан еліміздегі дүкендерде тапшылық туындап, бағалар еселеп өсе берген. Мәселен, күні кеше Алматыдағы супермаркеттердің біріндегі картоп бағасы көптің жағасын ұстатқаны белгілі.
1 келісі – 1300 теңге! Тіпті, сауда министрлігінің өзі бұл ретте түсініктеме беруге мәжбүр болды. Әбүйір болғанда, алматылықтар шығынданған бұл көкөністі шетелдің емес, Түркістанның фермерлері өсіріпті. Министрлік бағаны тексергендерін, бірақ ешқандай бұзушылық тіркелмегенін айтқан. Ал баға өсімі маусымдық сипатқа ие, яғни уақытша нарықтық құбылыс деп түсіндірген. Бір аптадан соң мұндай баға болмайтынын да нақтылапты.
Шекарада іріп-шіріген картоп
"Өндіріс – өзіміздікі" демекші, биыл қаңтар айының соңында Түркістан облысының Өзбекстанмен шекарасында мыңдаған тонна картоп шіріп қалғаны белгілі. Себебі, Павлодардан Ташкентке жеткізілуге тиіс картопты ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері "тексереміз" деп, Сарыағаш шекарасында тоқтатқан. Сөйтіп 10 күн бойы шенеуніктер құжат тексеріп жүргенде, 43 вагонға артылған картоп бұзыла бастаған. Осылайша не жұртқа, не өздеріне бұйырмаған көкөніске ие кәсіпкерлер құзырлы органдармен соттасуға ниетті екендіктерін мәлімдеген. Оның арты немен тынғаны бізге беймәлім. Бастысы, осыдан-ақ отандық өндірушілерге деген биліктің қарым-қатынасы қандай екенін аңғара беруге болады.
Жалпылай алғанда, 2024 жылы 2,6 млн тонна картоп жинап алғанына қарамастан Қазақстан импортқа тәуелді. Отандық тауар өндірушілер ішкі нарықтан гөрі тауарын сыртқа жөнелтуді жөн көреді. Мәселен, 2024 жылы шетелге 564 мың тонна картоп босатылған, бұл 2023 жылғы көлеммен салыстырғанда 37,2 %-ға артық. Қазақстан картобын сатып алушылар - Өзбекстан (506,3 мың тонна), Тәжікстан (34,5 мың тонна) және Түрікменстан (18,5 мың тонна). Әсіресе, маусымаралық кезеңде Қазақстан картопты шетелден белсенді сатып ала бастайды. Атап айтқанда, Қытайдан, Пәкістаннан, Мысырдан. Биыл, әсіресе Қытай отандық сөрелерді картоппен бөгіп тастаған. 2024 жылы елімізді 19 тонна картопппен қамтыған Қытай биыл 11,3 мың тонна жеткізіпті. Ал Пәкістаннан 4,2 мың тонна картоп келген.
Тұрақтандыру қорларындағы қартоп қайда кетеді немесе әкімдер берген есеп неге жалған?
Ал қыста-көктемде, яғни керек кезде шығарамыз деген тұрақтандыру қорындағы көкөністердің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Әкімдіктердің мәліметінше, 12 наурыздағы жағдай бойынша, ӘКК-лар отырған келісімшарттарға сай тұрақтандыру қорларындағы картоптан қалған көлем 41,3 мың тоннаны құрайды. Алайда, Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, жекелеген аймақтарда жүргізілген ревизия бұл арада цифрлардан айтарлықтай сәйкессіздіктерді анықтаған. Мысалы, Маңғыстау облысының ӘКК-і "қорда 2,5 мың тонна картоп бар" деп есеп берсе, тексере келгенде бары 25 тонна болған. Шығыс Қазақстан облысында 1,6 мың тоннаның орнына 35 тонна көкөніс шыққан. Тағысын тағы дегендей. Бұл үшін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің біраз шашы ағарып, жүйкесі жұқарды, ақыры бірнеше облыс әкімдері орынбасарларына сөгіс те жариялады. Алайда атқамінерлердің бұл мәселе бойынша шешім тапқан-таппағанын, ал тапса оның ұтымды-ұтымсыз болғанын жылдың соңына қарай біліп қалармыз.