Білдей депутаттар тарих пен математикадан "емтихан" тапсыра алмай, масқара болды

Dalanews 24 янв. 2024 07:12 1089

“Аманат” партиясы Астана қаласы мәслихатының депутаты Давид Лория мен Семей қаласы мәслихатының депутаты Самат Смақов “Жібек жолы” телеарнасының “Жұлдызбысың” бағдарламасына қатысып, математика және тарих пәндері бойынша білімін ортаға салды. Осы тұста танымал футболшылар біраз сұрақтан сүрініп, көптің алдында ұятқа қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Бағдарлама барысында тележүргізуші депутаттарға математика, тарих және логикаға байланысты сұрақтар қойды. Мәселен, Самат Смақов қазақ әліпбиінде қанша әріп бар деген сұраққа – 38 (дұрыс жауап: 42) деп жауап қатса, Давид Лория “Абай жолының” авторы кім деген сұраққа “Абай” (дұрыс жауап: Мұхтар Әуезов) екенін айтты.


Ал Самат Смақовтан мейіздің неден жасалатынын сұрағанда, ол “қанттан” (дұрыс жауап: жүзімнен) деп жауап берді. Қала берді Смақов математикадан “жетіні нөлге көбейтсе, қанша болады?” деген сұрақтың да жауабын айта алмады.


Сондай-ақ олар тарих бойынша қойылған сұрақтан да сүрінді. Депутат Давид Лория “сақтардың патшайымы кім?” деген сұраққа оның берген жауабы - “Тамара” (дұрыс жауап Томирис) болды. Аталмыш бағдарламадан кейін ол Instagram желісінде сегізінші сыныпқа арналған Қазақстан тарихы пәнін оқып отырған суретін жариялады.


Еске салайық, Давид Лория - қазақстандық футболшы және қақпашы. Сонымен қатар Қазақстанның үш дүркін чемпионы. 2023 жылдың наурыз айында Астанадағы №14 сайлау округі бойынша бір мандатты кандидаттар арасындағы сайлауда жеңіске жетіп, мәслихат депутаты атанды. Оны сайлауға “Аманат” партиясының елордадағы филиалы ұсынған. Қазір депутат Астана футбол федерациясы қауымдастығының президенті қызметін атқарады.


Ал Самат Смақов – қазақстандық футболшы, орталық қорғаушы. Ол Қазақстандағы ең атақты футболшылардың бірі. Депутат Қазақстанның алты дүркін чемпионы, бес дүркін жүлдегері және төрт дүркін үздік футболшысы атанған. 2023 жылдың қазан айында Семей қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.


 

https://youtu.be/02ucwEQUS-s?si=iANZIw2IpP_q8Xhq

Рекомендовать
Последние новости