Құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралып жатқан Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс индустриясы – ел экономикасындағы негізгі салалардың бірі екенін, оның тұрғын үймен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жұмыс орындарын құруға тікелей әсер ететінін атап өтті, деп жазады Dalanews.kz.
"Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін жаңадан 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойды. Бұл міндет жүйелі негізде және кезең-кезеңімен орындалуы тиіс. Біз өткен жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын қайта қарадық. Онда азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды іс-шаралар қамтылған. Қазіргі таңда нәтижесі жаман емес. Жаңа тұрғын үй құрылысы жыл сайын ұлғайып келеді. Биыл Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шараларды іске асырды. Атап айтқанда, Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданды. Ол баспанамен қамтамасыз етудің ашық әрі түсінікті жүйесін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, қаржыландыру көлемі артты", деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында премьер-министр баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін өзектендіру мәселесіне назар аударды.
"Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ, бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде, шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек", — дейді бұл ретте Үкімет басшысы.
Премьер-министр құрылыс саласында жаңа нысандар салу және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз еті бойынша үйлестірілген жұмыстың маңыздылығын баса айтты. Сонымен қатар, құрылыс сапасына ерекше назар аудару керек.
"Соңғы жылдары ереже талаптарының бұзылуына және құрылыс нысандарының уақтылы іске қосылмауына қатысты шағымдар саны көбейіп барады. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Жаңа Құрылыс кодексінің жобасында құрылыс сапасына бақылауды күшейту, саланы цифрландыру, сәулеттік қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешені көзделді", — деп атап өтті ол.
Үкімет отырысы барысында премьер-министр үлестік құрылыс саласындағы нормативтік реттеу қажеттігіне назар аударды.
"Көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Қазір Мәжіліс үлестік құрылыс мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірледі. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет. Бұған қоса, үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін тәуекелдерді толығымен жоюға тиіс", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр келесідей тапсырмалар берді:
- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйлер мен инженерлік желілерді іске қосудың биылғы және 2025 жылға арналған жоспарларының орындалуын қамтамасыз етсін;
- жаңа ипотекалық бағдарламаларды және құрылыстың болжамды өсімін ескере отырып, жауапты министрлік мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, құрылыс және коммуналдық секторлар жобаларындағы отандық материалдар үлесін арттыруын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру бойынша жоспарланған жобаларды 2025 жылы іске қосу қажет;
- Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Өнеркәсіп және құрылыс, Еңбек министрліктеріне нарықтың сұранысын ескере отырып, осы мамандарды даярлау мәселелерін пысықтауы қажет – 2030 жылға дейін құрылыс саласына 200 мыңнан астам білікті маман қажет болады.
Алдында Жоғарғы соттың шешіміне наразылығын білдірген "Ер-Тау”"компаниясының басшысы кранға шығып, биіктен секірмек болғанын жазғанбыз.