"Бәйтерек" Венчурлық инвестициялар қорлары қорына 30 млн доллар инвестициялайды – Bloomberg

Кәмшат Тілеухан 20 дек. 2024 14:07 1101

"Бәйтерек" Ұлттық холдингі күні кеше құрылатыны мәлім болған Венчурлық инвестициялар қорлары қорына 30 млн доллар инвестиция салатыны белгілі болды, деп жазады Dalanews.kz.

Бұл туралы Bloomberg-те жарияланған Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сұқбатынан белгілі болды. 

Айта кетсек, бір күн бұрын Үкімет Қазақстанда Венчурлық инвестициялар қорлары қоры құрылатынын жариялады. Ол венчурлық қорларға қаражат салады, ал олар өз кезегінде стартаптарды қаржыландырады деп болжанады. Басылымның мәліметінше, Қазақстан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа қорға ақша тарта бастайды. Жеке инвесторлар қазірдің өзінде 90 миллион доллардан астам қаражат беруге алдын-ала келісімін беріп үлгеріпті.

Қазіргі уақытта Қазақстан Таяу Шығыс қорларымен және әлемдік қаржы институттарымен келіссөздер жүргізуде. Жалпы, үкімет 1 млрд доллар инвестиция тартуды мақсат етеді.

Қорды аталған министрліктің бөлімшесі басқарады. Мәдиев айтқандай, жалпы соманың 30%-ы Орталық Азия және Кавказ аймақтарына инвестицияланады, ал қалған қаражат АҚШ-та және басқа да халықаралық нарықтарда орналастырылады.

"Біз финтех, медтех және жасанды интеллект сияқты аймақтағы стартаптардың Қазақстанға келуін қалаймыз", - деген Жаслан Мәдиев телефон арқылы берген сұқбатында.

Министр жаңа қор стартаптардың ішіндегі ең жақсысын "алпауытқа" айналдыруға көмектесетінін айтты. Бұл - құны 1 млрд-тан асатын компаниялар. Әзірге, Қазақстанда ондайлар жоқ, бірақ үкімет 2029 жылға қарай осындай бес компанияны құруды және IT-экспортты 5 5 млрд долларға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Дегенмен қаржыгерлердің бір бөлігі бюджет тапшылығы жағдайында қабылданған бұл шараны түсіне алмай дал. Өйткені 2025 жыл - еліміз үшін экономикалық тұрғыдан ауыр болмақ, мамандар бұл жылы Қазақстан үш дағдарыспен бетпе-бет келетінін ескерткен. 


Рекомендовать
Последние новости