"Бәйтерек" шаруаларға қандай көмек көрсетіп жатыр?

Көркем Алдабергенова 27 июн. 2024 12:00 3015

Өңірлерде болған су тасқыны егіс науқанына айтарлықтай әсер етіп, шаруаларды әбігерге салды. Кейбір өңірлердегі шаруашылықтар зардап шекті. Осы орайда Dalanews.kz тілшісі "Бәйтерек ҰБХ" АҚ шаруаларға қандай көмек көрсетіп жатқанына шолу жасады.

Биыл табиғи апаттар ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізген. 

Өткен жылы зардап шеккен фермерлерге "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ (АНК) және "ҚазАгроҚаржы" АҚ (ҚАҚ) компаниялары 59 млрд теңгеден астам сомаға 1,4 мың клиенттің міндеттемесін орындау мерзімдерін ұзартқан.

Биыл су тасқыны жедел қолдау шараларын қабылдауды талап еткен. АНК және ҚАҚ зардап шеккен қарыз алушылардан қарыздар мен лизинг бойынша міндеттемелерді қайта құрылымдауға өтініштерді қабылдау мен қараудың тәртібін бекітті. Қазіргі уақытта 173 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен 619 млн теңгеге тиісті өтініштер келіп түсті. 483 млн теңгеге 153 өтінім мақұлданды. Дегенмен өтініштер әлі де түсіп жатыр екен. 

2024 жылға бастапқыда республикалық бюджеттен АНК іске асыратын "Кең дала" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 140 млрд теңге бөлу жоспарланған болатын. Осы қаражат көлемі шеңберінде 3,6 млн га егістік алқаптарын өсіру үшін 3,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды, таяу уақытта қаражатты игеру аяқталады.

Бірақ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажет айналым қаражатына қажеттілікті қанағаттандыру үшін 140 млрд теңге жеткіліксіз. Бұл ретте қосымша қаражат бөлу үшін бюджет мүмкіндіктері шектеулі болып отырған көрінеді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет холдинг алдына нарықтан 300 млрд теңгеге дейінгі көлемде қосымша қаражат тарту және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға жіберу міндетін қойған. 

Холдинг осы бағытта қажетті жұмыстарды жүргізген. Бірінші траншпен 150 млрд теңге АНК-ға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға жіберілген. Бұл ретте қарыз алушы үшін бюджет қаражатына ұқсас жылдық 5% жеңілдікті мөлшерлеме сақталады. Фермерлердің қабылдауына ыңғайлы болу үшін бюджеттен тыс көздер есебінен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасы "Кең дала-2" деп аталған.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендірудің жеңілдетілген бағдарламасы алғаш рет нарықтық қаражат есебінен және осындай айтарлықтай көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді. Алдыңғы жылдары жеңілдетілген несиелерді тек 140 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік кредит шегінде алуға болатын, ал 2022 жылға дейін бұл 70 млрд теңге болатын. Айналым қаражаттарының қалған қажеттілігі қымбат нарықтық несиелер арқылы қанағаттандырылды, бұл, әрине, көптеген фермерлерге ғылыми негізделген агротехникалық шараларды толық жүргізуге және жоғары өнім алуға мүмкіндік бермеді. Енді қосымша жеңілдікті қаражат алу мүмкіндігі мәселесі шешілген және бұл ауыл шаруашылығы үшін маңызды жетістік.

"Кең дала-2" жаңа бағдарламасының бұрынғы қаржыландыру шарттарынан айырмашылығы бар. Егер әлеуетті қарыз алушыда кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болса, "Даму" КДҚ" АҚ-ның кредит сомасының 85% мөлшерінде АНК кредиті бойынша кепілдігін алу мүмкіндігі бар. "Кең дала-2" бағдарламасы – өзінше бірегей жаңа бағдарлама. 2001 жылы АНК құрылғаннан бері оның қарыз алушылары үшін "Даму" КДҚ" АҚ кепілдіктері ешқашан қолжетімді болған емес. Кепілдіктер екінші деңгейлі банктердің кредит беруін ынталандыруға есептелген, сондықтан АНК қарыз алушылары банк клиенттерімен тең жағдайда болмаған.

Егер экономиканың басқа секторларында "Даму" КДҚ" АҚ кепілдіктері кредит берудің өсіміне ықпал етсе, онда ауыл шаруашылығында банк несиесін жандандыру үшін кепілдіктердің жеткіліксіз екені анық. Бұл статистикадан айқын көрінеді. Мысалы, 2014 жылы екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына 431 млрд теңге қаржы ұсынса, өткен жылы банктер тек 373 млрд теңге берді, оның 61 млрд теңгесі – банктердің қаражаты емес, АНК тарапынан қорландыру. 2014 жылдан бері көпшілігі импортталатын тұқым, ауыл шаруашылығы техникасы, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар, гербицидтер бағасының өсуін ескерсек, нақты мәнде инфляцияны шегергенде банктер аграрлық салаға 10 жыл бұрынғыға қарағанда едәуір аз кредит береді.

Сондықтан АНК қарыз алушыларына кепілдік беру сияқты құралды пайдалануға тең мүмкіндік ұсыну туралы шешім сапалы оң өзгеріс болып саналады, бұл кепіл тапшылығына байланысты АНК-дан бұрын кредит ала алмаған және банктер тарапынан мақұлдау ала алмай жүрген фермерлерге мемлекеттік қолдауды жан-жақты қамтуға мүмкіндік береді.

Бұл шешімнің басқа жағымды жағы бар. Қарыз алушылар үшін кепілдіктің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бюджеттен кепілгердің тәуекелін жабатын кепілдік беру комиссиясы субсидияланады. Егер "Даму" КДҚ" АҚ-ның "қолданыстағы" кепілдіктер бойынша төлемдерін банктер өз қалауы бойынша пайдалана алатын болса, АНК жағдайында бұл төлемдер фермерлер үшін жаңа қарыздарға қайта инвестицияланады, бұл бюджет қаражатын пайдаланудың мультипликативтік әсерін арттырады.

Осылайша, холдинг қабылдаған "Даму" КДҚ" АҚ кепілдік беру бағдарламасын АНК кредиттеріне пайдалану туралы шешімдер екі компанияның кешенді синергиясын қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеңілдікті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

"Кең дала-2" бағдарламасы фермерлердің үлкен қызығушылығын тудырды. Бағдарлама салыстырмалы түрде жақын арада іске қосылғанына қарамастан, 100 млрд теңгеге жуық сомаға кредиттер берілді. Бұл ретте өтінімдердің жалпы пулы ағымдағы сәтте 200 млрд теңгеге жақындап келеді. Фермерлерге егістіктерді өсімдіктерді қорғау құралдарымен өңдеуге, егін жинау науқанына дайындалуға қаражат қажет, сондықтан өтінімдер белсенді түрде түседі."Кең дала 2" бағдарламасы бойынша бұрын-соңды болмаған үлкен қаражат лимитін ескере отырып, фермерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, АНК филиалдарына хабарласа алады.

Егін жинау науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникасы қажет екені сөзсіз. Холдинг осы бағытта қандай жұмыс жүргізгенін түсіндірді. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес холдинг "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің 100 млрд теңгеге ауқымды жеңілдікті бағдарламасын іске қосқан. Бұл нарық қаражаты есебінен іске асырылатын жылдық 5% мөлшерлеме бойынша тарихтағы алғашқы жеңілдікті лизингтік бағдарлама. Осы мақсаттар үшін Холдинг облигациялық бағдарлама шеңберінде 100 млрд теңге тартады. Бұл ретте осы бағдарлама шеңберінде қолдаудың қосымша шарасы 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін бірінші лизингтік төлемді төлеу бойынша кейінге қалдыру болып табылады.

Бағдарлама, атап өткенімдей, отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасына бағытталған. Сондықтан, біз фермерлерімізді қолдап қана қоймай, қазақстандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға да көмектесеміз. Қазір "ҚазАгроҚаржы" АҚ филиалдары осы жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда. Жаңа техникаға қызығушылық танытқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер белсенді қатыса алады.


Рекомендовать
Последние новости