Байжанов шындық детекторынан өтуге дайын екенін айтты

Сағыныш Сардарова 04 мая 2024 10:52 6525

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі бүгін де жалғасты. Бүгін сөз кезегі осы іс бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа берілді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Байжанов бұл жолы қазақ тілінен орыс тіліне аударатын аудармашыны қажет етпеді, өзі бастан аяқ қағаздан орыс тілінде оқып берді. Кейін ол тағылған айыптармен не үшін келіспейтінін түсіндірді. Сөзіне сенсек, Салтанаттың денесін жасыру ойында да болмаған.

"Бәрін адвокаттарым айтып кетті. Тек бір-екі нәрсе қоса кетсем деймін. Мені Бишімбаевпен бірге Салтанаттың денесін жасырмақ болды деп айыптап отыр. Расында да, айыптаушы тарап пен жәбірленуші тарап айтқандай, Бишімбаевпен бірігіп, Салтанаттың денесін жасыруды жоспарласам, неге солай істемедім?! Олардың логикасына сүйенсек, күні бойы денені жасыруға дайындалғандай боламын. Онда неге ыңғайлы уақыт туғанда, алдымыз түн болғанда, оның үстіне мейрамханада бөтен ешкім болмаған кезде бұл идеядан бас тарттым? Мен мұны әу бастан жоспарламағандықтан істемедім. Мен тіпті Салтанат қайтыс болғанын білмедім", - деді ол. 

Сондай-ақ, Байжанов өзін Бишімбаевпен бірге қылмыс іздерін жасыруға қатысты айыптап отырғанын, дегенмен қылмыс орны толық тексерілмегенін айтты.

"Неге бәрі нашатырь мен көйлекті мен лақтырғаныма сенімді? Бұл тек болжам ғой. Оны бүкіл жерден іздеген де жоқ қой. 4 рет оқиға орны тексерілді, бір рет Бишімбаевтың көлігі, ал үш рет тек бір вип-кабина тексерілді. Мейрамханадағы басқа орындар тексерілмеген. Мүмкін құты мен көйлек әлі де сонда шығар?!" - деді ол.

Байжанов тіпті осы айыптардан кейін "шындық детекторынан өтуге дайын екенін, өзінің алдағы тағдыры судья мен алқабилердің қолында екенін" айтып, сөзін кенет үзіп тастады.

Кейін сөз кезегі прокурор Айжан Аймағановаға берілгенде, ол Байжанов оқиға болған күнгі әрекеттің бәріне саналы түрде барғанын мәлімдеді.

"Байжанов бәрін саналы түрде жасады, ол не болып жатқанын анық түсінді", - деді прокурор.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Рекомендовать
Последние новости