Батырхан Дәрімбет: "Оппозицияның болуы - демократияның басты кепілі"

Dalanews 13 мая 2019 14:21 998

1990 жылдың 30 маусым мен 1 шілде аралығында Жазушылар Одағыныц ғимаратында өткен Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысыныц алғашқы құрылтайы Қазақстанда 20 ғасыр басында құрылған «Алаш» партиясынан кейін тағы да, бір ұлттық бағыттағы саяси күштің өмірге келгенін баршаға паш еткен еді.

Азаттық, тәуелсіздікті ту етіп көтеріп, жаңа қалыптасуға тиісті мемлекеттің ұлттық мемлекет болуын жақтаған қозғалыс қатарына негізінен ұлтжанды азаматтар біріккен болатын.

Солардыц ішінде сол уақытқа дейін де қазақтың ұлтшыл азаматтарының, әсіресе, Мағжан Жұмабаев шығармашылығының қыр-сырын халыққа таныстырып, насихаттау жұмыстарымен айналысып жүрген, ұлт мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоя білетін азаматтар қатарынан Батырхан Дәрімбет те табылған еді.

Оның өзі де бұл турасында:

«Қазақ елінің басқалармен терезесі тең тәуелсіз ел болғанын, азаматтардың теңдігі мен бостандығын қамтамасыз eте алатынын дербес мемлекет болып қалыптасуын қалайтын азаматтар «Азат» құрамына кірді. Мен де бірінші күннен бастап «Азат»сапында болдым. Өмірімнің ең мағыналы күндері «Азат» пәрменді күрес жүргізген, кезеңде өттің» дел өз өміріндегі «Азат» қозғалысының атқарған орнын әділ атап өткен еді (Б.Дәрімбет. «Азат» қозғалысы. А./ «Өркениет» 2001. 12 бет).

Б.Дәрімбет ұлттық мемлекеттіліктің, қоғамды демократияландырудың, қазақ ұлтының ұлттық санабының көтерілуінің және ұлтқа қатысты жасалған қысастықтардың нәтижесінде жоғалтқандарымыздың қалпына келтірілуінің, сондай-ақ жалпы түркі халықтарының бірлігінің жаршысы болды.

Ол журналист ретінде өмірінің соңына дейін әр кезеңде әр түрлі басылым беттерінде жариялаған мақалаларында осы мәселелерді қаперден шығарған жоқ.

Сол кездегі «Азат» газетінің редакторы қызметін атқарған Б.Дәрімбеттің алдында тұрған негізгі мақсат қозғалыстың тыныс-тіршілігімен халықты таныстыру болатын, сондықтан да газет жабылғанға дейінгі уақытта мұнда көбіне халықтың өз арасындағы қозғалыс өкілдерінің шындыққа толы мақалалары, қозғалыс төрағаларының баяндамалары, үндеулер сияқты уақыт талабына сай материалдар жарияланып тұрды.

Қозғалыс өз жұмысын бастаған алғашқы құрылтайда оның жарғысы, бағдарламасы және егемендік туралы декларацияның жобасы көпшілік талқылауымен қабылданып тиісті органдарға жіберілген еді.

Осы қозғалыс бағдарламасында қазақ ұлтының жай-күйіне ерекше тоқталу қозғалысқа ұлтшылдық сипат беруіне негіз болғаны да жасырын емес.

Осы турасында Б.Дәрімбет «Тәуелсіздік жолындағы күрес жалғаса бермек» деген мақаласында ашына баяндап, «Азаттың» мақсаттарының өзге ұлт өкілдерінің мүдделеріне қайшы келмейтіндігін алдыға тартады.

Сондай-ақ, кез болып отырған кедергілер мен түсініспеушіліктерге қарамастан «Азат» қозғалысының Қазақстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізу және республиканың біржолата демократия жолына түсуі жолында өзінің күш жігерін аямайтындығына тоқталды («Азат», 1992, №1).

Автордың еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі толық тәуелсіздікке қол жеткізу турасында айтылған ойларының жалғасын келесі бір мақаласынан табуға болады.

«Тәуелсіздік алғанымызға бір жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, шын мәніндегі тәуелсіздікті алу үшін әлі талай жылдар өтетіні ақиқат. Сол күнді жақындату бәріміздің борышымыз. Бірақ, осы күннен бастап баршамыздың да көкейімізде мына бір ой басты орын алуға тиіс. Болашақ тәуелсіз мемлекетіміз қандай болуы керек?» дей келе сол уақыттағы мемлекеттегі биліктің сипатына тоқталып, өз ойларын толғана ортаға салады.

Ол тәуелсіздігіміздің де, тұтастығымыздың да нығайуының бірден-бір жолы демократия екендігін, демократиядан сырт айналудың келешек ұрпақ алдында кешірілмес күнә болатындығын ескертеді.


Сонымен қатар, «Тәуелсіздік жолындағы күреске өзінің әнін қосқан «Азат» қозғалысы тәуелсіздік жағдайында өзінің туына «Демократия» сөзін бірінші жазып отыр. Бірнеше айларға созылған ізденіс, айтыс-тартыстан соң демократия жолы дұрыс дегендер өзара топтасып, «Азаттың» жаңа тарихи белеске көтерілуіне жағдай жасады» дей келе ендігі жерде «Азаттың» өз жүмысын демократия жолында жалғастыратындығын, сонымен қатар үкіметке оппозициялық бағытта болатындығын айта келіп, сол оппозицияның шынайы сипатына тоқталады («Азат», 1993, №1).

Әрине, 70 жыл бойы тек қана бір партиялық жүйе басқаруында болған қоғам үшін оппозицияның мәнін түсіндіру оңай шаруа емес еді, сонымен қатар оппозицияға қарсы көзқарастардың көптеп баспасөзде жариялануы да сол кездегі қоғам үшін заңды құбылыс еді.

Оппозиция турасында теріс пікірге қарсы болған ол оппозицияға қарсы топтарға «Стратегия мен тактика» атты мақаласында:

«Оппозицияның болуы және оның неғүрлым күшті болуы – демократияның басты кепілі. Қоғамдағы әр түрлі пікірлер есептеліп, соларға негізделген үкімет бағдарламасы мен ішкі және сыртқы саясаты баянды болып, тұрақтылық пен өзара түсінісуге жеткізеді.

Оппозицияның бар болғанына қуанған жөн, өйткені ол қоғамның демократия жолына икемделе бастағаны.

Ешбір партияның керегі жоқ, жалғыз патша мен жалғыз үкімет керек, соның сара жолымен жүре береміз деген жағымпаздар әр уақытта да табылады. Бұлар болашақ тәуелсіз демократиялық Қазақстанның жаулары, бізді жақсы, жарық күндерге жібергісі келмейтін шөңгелер мен шеңгелдер» деп өз ұстанымының нық екендігін білдіреді («Азат», 1992, №5).

Ал «Ұлттық дағдарыстан қалай шығамыз?» деген мақаласында автор қазақ ұлтының басындағы ауыр халді тілге тиек етеді. Ол мақалада сандаған жылдар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізілгенімен қазақ ұлтының ұлт ретінде дамудың орнына кері кетіп бара жатқаны, қазақ тілінің өз тұғырына қона алмауы, жоқшылық пен жалаңаштық салдарынан қазақ ұлтының өз рухани тіректерінен айрылуы, ислам дінінің де өз қауқарының кетуі қазақ халқының жер бетінен жойылу қаупін тудырып отырғанына қынжылады және осы салдарды болдырмау жолдарын ұсынады.

Сонымен қатар, мәселенің шешілуінің бірегей жолы парламенттік республика екендігін алдыға тартады. Дегенмен автордың парламенттік республикаға сенім артуы, оның республиканың ұлттық құрамына және азаматтардың қазақи рухының төмендігіне мән бермеуінен екендігін ескерте кеткен жөн болар.

Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің тәңірі берген несібі ғой, – деп түркілер тұтастығын жырлаған М.Жұмабаев пен біртұтас Түркістан мемлекетін құруды армандаған М.Шоқай идеяларына негіздей отырып, Б.Дәрімбет те жалпы түркі халықтарының бірігу идеясының жақтаушысы болды.

Одақтан тәуелсіздік алып, іргесін бөлек салған туысқан түркі тілдес бес мемлекеттің бірігуінен гөрі алшақтауы басым болып бара жатқан тұста Алматыда 20 желтоқсан 1996 жылы өткен «Мұстафа Шоқай және шетелдердегі қазақ зиялылары» атты ғылыми конференцияда жасаған баяндамасында ол осы жайды ашына баяндайды.

«Советтік 70 жылдық дәуір Түркістан халқын біртұтас совет халқына айналдыра алмаса да, оның түркістандық тұтастығына сызат түсірді. Жаңа тәуелсіз Түркістан мемлекеттерінің басшылары осы сызаттың орнын бітеу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақты жұмыс істеп жатыр деп ойлауға бола ма?


Қазірдің өзінде осы бес мемлекеттің мүддесі бір-бірімен қабыспай жатыр. Мысалға, Тәжікстанның Түркістан деген сөздің өзінен үрейі ұшады. Түрікшілдік пікір оларға түрпідей тиеді. Ал қалған төрт мемлекеттің де бірлігі байқалмайды.

Түрікменстан Иранға ыңғайлануда. Қазақстан мен Қырғызстан бұрынғысынша Ресей шылауында кетіп барады. Оңтүстік саясат ұстауға тырысқан Өзбекстан болса, Қазақстан, Қырғызстанмен бірігіп құрған Орталық Азия Одағына салқын қабақ танытуда. Ал Шығыс Түркістанның азаттық алуы әзір кун тәртібіне қойылған да жоқ.

Осының бәрі Түркістан тәуелсіздігімен қауышқан алғашқы жылдардың өзінде-ақ айтыла бастаған Түркістан конфедерациясы, Түркістан Одағы деген идеялардың жүзеге аспай қалуына әкеп соқты» (Б.Дәрімбет. Елу мақала.А., Өркениет, 2001, 149 бет).

Туысқан халықтардың бір-бірімен жақындасып, өзара түсінісу арқылы ғана ортақ мәмілеге келуі үшін оларда ортақ мақсат болуы қажет. Осы ортақ мақсатты әрқайсысының жадына жеткізу үшін жалпыға ортақ идея керек. Сондықтан түркі тілдес мемлекеттердің бірігуінің негізі оларға арналып жасалатын, жалпы бағдарлама екендігіне көз жеткізген Б.Дәрімбет 28 тамыз 1997 жылы Измирде өткен «Түрік халықтары ассамблеясының 4-ші құрылтайында» жалпы түркі халықтарының басын біріктіру үшін арнаулы бағдарлама жасау қажеттігін мәселе ретінде көтереді.

Ол сол кезеңге дейін атқарылған жұмыстардың біртұтас идеологияға, ұлы идеяға негізделмегендіктен жақсы нәтиже бере қоймағандығын, тәуелсіз жеті түрік мемлекетінің әрқайсысының өз жолымен жүріп келе жатқандығын қынжылыспен ортаға салады.

Сонымен қатар кеңес империясының бодандығынан босаған мемлекеттердегі үкімет ескі коммунистердің қолында қалғандықтан жартылай космополиттік саясат ұстанатындығын, тіпті, кеңес үкіметі кезіндегіге қарағанда батыс ықпалы күшейіп кеткендігін де жасырмайды жене өз ойын келесідей бағытта жалғастырады:

«Түрік халықтарындай бір-біріне етене жақын жер бетінде бірде-бір ұлт жоқ. Тіл бірлігі, табиғатты түсіну бірлігі айқын көрінеді. Осының бәрін ескере отырып, Түрік дүниесінің түрікшіл қоғамдары мен саяси партиялары, діни және экономикалық бірлесіктері, түрлі қорлар мен жастар ұйымдары өкілдерінің басын қосып үлкен бағдарлама жасау қажеттігі туып отыр» (Б.Дәрімбет. Елу мақала. А., Өркениет. 2001. 165 бет).

Түркі мемлекеттерінің одағының жақтаушысы болғандықтан жалпы қазақ мемлекетінің өз мемлекеттілігін нығайтып, тәуелсіздігін баянды етуінің ең тиімді жолын Б.Дәрімбет оның түбі бір түркі мемлекеттерімен одақтасуынан көреді.

Сондықтан ол осы мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуының бірегей жолы рухани жақындасу екендігін атап көрсетеді. Оның ойынша «рухани саладағы бауырластық міндетті түрде мемлекеттердің де жақындасуын қамтамасыз етеді. Бүл саладағы бірлік тарихы Түркістан конфедерациясының құрылуынан басталса керек. Жеке-жеке мемлекет ретінде бір конфедерацияға біріккен қазақ, қырғыз, өзбек, түркмен, қарақалпақ елдері бірте-бірте жақындаса келе Мұстафа Шоқай армандаған Түркістан федерациясына қосылуы мүмкін» (Рухани бірліктен – саяси бірлікке. “Ана тілі”, 29 қаңтар, 1998).

«Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық белгісі» деп Б.Момышұлы айтқандай, өз ұлтынан жеріген адамды өзіне қарсы адам ретінде көрген Б.Дәрімбет тек ұлт мүддесін өзгелерден жоғары қоя білді. Ол қандай іс атқарса да ұлттық мүдденің қалыс қалмауын қалады, сондықтан да ұлттың болашағы, кешегісі мен бүгіні жайлы көптеген құнды жазбалар қалдырды. Жоғарыда атап өткеніміздей оны «Азат» қозғалысының құрамына мүше еткен де ұлтшылдық сезімінің жоғарылығы болатын. Ол ұлтшыл ретінде өз халқын сүйіп, дәріптеп қана қоймай өзгелердің де, жалпы Қазақстан халқының мүддесін жоқтай білді.

 

Есбол ӨМІРЖАНОВ


«Азат» газеті 2006 ж.


Рекомендовать
Последние новости