Башқұрттар қырылып жатыр. Путин бізді ажалға айдап салды - сарапшы

Думан Бықай 25 июл. 2022 09:57 1038

Ресей армиясының сапында соғысып жатқандардың дені ыңыршағы шыққан кедей. Жоқшылық олардың психологиясын бұзған. Әлеуметтік жағдайын түзеу үшін қолын қанға малудан тайынбайды.

Украин жерінде оққа ұшып, сүйегі көмусіз қаларын ойланып жатпайды. Путин пропагандасы кедейлерден құралған Ресей армиясын дуалап тастаған.

Мұндай пікірді "Башқұрт" саяси ұйымының белсендісі, Ресей билігі тарапынан қудалауға ұшыраған Руслан Ғаббазов білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Көпшілік ресейліктер үшін жоқшылықтың қамытынан құтылудың жалғыз жолы соғысқа қатысып, жәрдемақы алу. Олардың арасында Путинді пір тұтатын, Кремль көсемі үшін от пен суға түсуден тайынбайтын зомбиланған аудиторияның қарасы көп. Пропаганда олардың ет пен сүйегіне өтіп кеткен», – дейді сарапшы.

Орыстың боданындағы өзге республикалар, оның ішінде Башқұрстан тұрғындарының басым бөлігі тұрмыстық мәселесін шешуді көздеп Ресей армиясының қатарына қосылуда.

Қайыршылықтың шегіне жеткен жұрт қолына қару алып, бөгде елдің бейбіт тұрғындарын өлтіруден тайынбайды. Ең бастысы, ақысын төлесе болғаны. Жұмыс таппай сенделіп жүрген башқұрттың ер-азаматтары ақша үшін ар-ұяттан аттауға мәжбүр.

Сөй деген Ғаббазов Путинге болысып жатқан башқұрттардың бұл тобын өзіндік саяси ұстанымы жоқ, Кремльдің үгіт-насихатын қорытпай қабылдай беретін сауатсыз категорияның қатарына кіргізіпті.



Оның пікірінше, Мәскеудің уағызына уланған башқұрттардың бір тобы Путиннің шапқыншылығын қылмыс санамайды. Керісінше, Кремль көсеміне шаң жуытпай, оның әрбір әрекетін ақтап алуға әзір.

«Жоғарыдан (Путиннен) Қазақстанды шабыңдар деген бұйрық түссе, біздегі башқұрттардың басым көпшілігі ұзақ ойланбай көрші елге басып кіреді. Қазақ мен башқұрттың бір кіндіктен тарайтын бауырлас ұлт екені олардың қаперіне де кіріп шықпайды. Пропаганда башқұрттарды дуалап тастаған, біз түркі дүниесінен күн өткен сайын алыстап барамыз», – дейді Ғаббазов.

Оның атап өткеніндей, Украин жерінде оққа ұшқандардың арасында егде жастағы азаматтар көп. Жүріс-түрісі ауырлаған елу-алпыстағы шал-шауқанның қолына қару алып, бөгде елде ажал құшып жатқаны Путин пропагандасының арқасы.



Ал Ресейлік телеарналарға телмірген Башқұртстан тұрғындары Соловьев пен Симонянның тұзағына қалай ғана түскенін аңдамай қалған.

«Украинамен соғысқа аттанған башқұрттар қойша қырылып жатыр. Бөгде елде жан тапсырған жауынгерлердің саны бойынша Башқұртстан көш бастап тұр!

Соғыстың басталғанына 150 күннен асты, осы уақыттың ішінде 150 башқұрт жан тәсілім еткен. Күн сайын бір башқұрт оққа ұшуда. Башқұрттар Путиннің басқыншы саясатын қолдап, қолын қанға малды, қылмыскер атанды. Келер ұрпақ бізді кешірмейді.

Алайда бұл тек ресми мәлімет. Майдан даласында танкінің табанында тапталып, есепке алынбай, сүйегі қурап қалған сарбаздар қаншама», – дейді сарапшы.

Ғаббазов Путиннің тұсында автономды аймақтарға жасалатын қысымның күрт күшейгенін айтады. Әсіресе, Башқұртстан секілді азат ойлайтын азды-көпті аудиториясы бар аймақтар Кремльдің қаһарына ұшыраған.



«Украинаға басып кірген Путин башқұрттарға аяушылық танытпайды. Қарсыласар болсақ, қанға бөктіреді. Мәскеу тұрғындарын соғысқа сүйрегісі жоқ, оған біз секілді бұратана ұлттардың соғыста өліп, қатары сирегені тиімді.

Соғыс басталғалы бері Башқұртстанның жер қойнауындағы қазба байлықты қотару жұмысы қарқын алды.

Кремль Башқұртстанның табиғи ресурсы мен адами ресурсын түгесуде. Украинадағы қанды қасапқа аттанып жатқан автономды республикалардың тұрғындары Путин үшін құл-құтан ғана...», – дейді Ғаббазов.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости