"Банктердің өті жарылмайды". Тағы бір белді қаржыгер Ұлттық банктің ақша-несие саясатын сынады

Кәмшат Тілеухан 06 дек. 2024 12:22 2858

Бұрын Қаржы министрі болған, бүгіндері "Қазақстан халқына" қорының басшысы, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ директоры, Bank RBK директорлар кеңесінің төрағасы Болат Жәмішевтің қаржы нарығындағы соңғы жағдайларға қатысты сұқбаты жарияланды. Белді қаржыгер өз сұқбатында еліміздегі ақша-несие саясатының тиімсіздігін, бюджет тапшылығын және зейнетақы жүйесіндегі кемшіліктерді сынады, деп жазады Dalanews.kz.

Forbes Kazakhstan сайтына берген сұқбатында ол Ұлттық банк жанындағы Зерттеу және сараптама орталығы деректеріне сүйене отырып, дұрыс жүргізілген ақша-несие саясаты мемлекеттік мақсаттарға жауап беруі тиіс екенін, бірақ Қазақстан жариялаған контрциклді экономикалық саясат, шын мәнінде, керісінше проциклді сипатқа ие екенін айтады.

Қаржыгердің пікірінше, базалық мөлшерлеменің жоғары болуы инфляцияны төмендетуге еш ықпал ете алмайды. Себебі, тұтынушылық несиелеу базалық мөлшерлеменің өзгерісіне аса тәуелді емес.

"Тұтынушылық несие алушылар базалық мөлшерлеме туралы біле бермеуі де мүмкін. Алайда тұтынушылық несиелеу көлемінің өсуі тауарлардың қымбаттауына алып келеді. Сонымен қатар, бұл жағдай корпоративтік сектордың қаржыландыру мүмкіндіктерін шектеп, экономикалық өсімді тежейді. Осы тұрғыда фискалдық саясат инфляция өсіміне серпін беріп, оған Ұлттық банк өзінің  ақша-несие саясаты құралы арқылы еш ықпал ете алмайды", – дейді Жәмішев.

Трансферттер әлеуметтік секторға бөлінген қаражатты инфляцияға ұшыратады

Мұндай жағдайда бюджет тапшылығы мен Ұлттық қорды түгесу жағдайында қайтпек керек деген тағы бір маңызды мәселе туындайды.

"Трансферттер арқылы бюджетті қаржыландыру тек Ұлттық қорды сарқып қана қоймай, әлеуметтік секторға жұмсалған барлық шығындардың инфляцияға ұшырауына да себепші болады", - дейді ол.

Қаржыгер бюджеттік шығындарды жыл сайын қысқартуды және бюджеттік жоспарлау жағына өте қатаң келуді ұсынады. Бірақ ол бұл арада саяси тұрғыда шешім қабылдау қажет болатынын да нақтылайды.

"Қазір, экпорттық тауарлардың бағасы жоғары кезді пайдаланып, бюджеттік шығындарды ақырындап төмендете беру керек, тиімді мен тиімсізіне зерттеу жүргізе отырып. Ал экспорттық тауалардың бағасы күрт төмендегенде, онда, турасын айтқанда, оны шорт кесуге тура келеді, салдары оңай болмайды, әрине", - дейді ол.

Зейнетақы жүйесінің кемшіліктері

Жәмішев қазір салыққа қатысты концептуальды өзгерістер жасалып жатыр деп санамайтынын айтады. Оның айтуынша, Президент қабылдауды бұйырған "Банктер туралы" заңның 99%-ы ескі заң болып табылады.

Коммерциялық банктер үшін КТС мөлшерлемесін 20% - дан 25% - ға дейін көтеру жайына келетін болсақ, Жәмішев бұдан "банктердің өті жарылмайды" деп санайды. 

Қаржыгер 2024 жылдың ортасында Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова сынды білікті мамандар президенттің қарауына қаржылық тұрақтылықты арттыру және Қазақстанға сай зейнетақы жүйесі бойынша бірқатар ұсыныстар жолдағанын айтты. Бұл арада жаңа зейнетақы жүйесі туралы сөз болып отырмағынын, тек бүгінгі жүйеде бар мәселелер шешіміне қатысты ұсыныстар болғаны нақтыланады.

Жәмішев Қазақстанның зейнетақы жүйесінің жаһандық рейтингте жоғары тұрғанын, бірақ шынайы көрсеткіштерінің төмен екенін атап өтті. Ол зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануды популистік шара деп есептейді. Қаржыгердің ұсынысы бойынша, азаматтар тек зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті жинағы болған жағдайда ғана қаражаттарын шешіп алуы тиіс.

Бұған дейін Halyk Finance Басқармасы төрағасының кеңесшісі, қаржыгер-маман Мұрат Темірханов теңгенің құлдырауы Ұлттық банк саясатының тиімсіздігін тағы бір дәлелдеді деп санайтынын жазған болатынбыз. "Мысалы, 28 қарашада валюта биржасында ұсыныс болмаған кезде анамольды сұраныс көлемі байқалды және теңгеге шаққандағы 1 АҚШ доллары 519,7 теңге болды. Алайда бағам осы күні аздаған ақша айналымында алғашқы сессияда жоғары қарқынмен өсе бастады. Осы кезеңде валюталық интервенциялар жүргізілетіні жарияланып қойған, ендеше оның сессияның басында валюта биржасындағы ықтимал дүрбелеңді шектеу үшін неге қолданылмады, осы арасы түсініксіз. Ұлттық банк түстен кейін ғана араласа бастады, сөйтіп олар салған үлкен көлемдегі ақша доллардың орташа бағамын 512 деңгейіне жеткізді. 2 желтоқсанда да дәл осындай жағдай орын алды, сол күннің барысында ең жоғары бағам 530-ға жетті, ал орташа бағам бір күнде 524-ті құрады. Біздің ойымызша, бір күн ішіндегі теңге бағамындағы мұндай үлкен ауытқулар да теңгеге және Ұлттық банктің іс-әрекетіне үлкен сенімсіздік тудырады, ол өз кезегінде қалыптан тыс сұраныс пен ықтимал дүрбелеңді ынталандырады", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости