"Баласын асырауға ниеті жоқ...". Әділет министрі әлименттен жалтарып жүргендерге ескерту жасады

Қаракөз Амантай 21 апр. 2025 11:42 2037

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев туған балаларын асыраудан қашатын әкелерді әкімшілік не қылмыстық жауапқа тарту аздық ететінін алға тартып, мемлекеттік органдар отбасы институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізуі керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Алимент – кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы жоғары төлем", – дейді министр.

Министрдің айтуынша, осы жылдың басында алимент өндіруге қатысты 283 мың құжат болған. Оның 12 835 немесе 4% пайызы проблемалы және олар бойынша алимент төленбейді. Оларға қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады.

"Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар тұрақты табыстың және мүліктің болмауы, ал кейбір жағдайларда табыстарды қасақана жасыру болып қала береді. Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде”, – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ ол жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесі де жолға қойылғанын айтты. Мәселен, 2020 жылы 1 559 адам еңбекпен қамтылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6 232-ге жеткен.

“Биыл алимент төлемегені үшін 4 642 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 745 іс тіркеліп, 461-і сотқа жолданды. Нәтижесінде 391 борышкер сотталған”, – деді министр.

Сәрсембаев бұл мәселенің отбасылық құндылықтардың әлсіреуінен туындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылы елімізде 61 080 ажырасу тіркелген. Бұл – тіркелген неке санының (124 774) жартысына жуығы.

“Балаларын асырауға ниет білдірмеу мен алименттен қашу – отбасылық-неке институтының дағдарысқа ұшырауының салдары. Сондықтан отбасы институтын нығайтып, балалардың құқықтарын қорғау үшін кешенді шаралар қажет. Алимент төлемдерін өндіру министрліктің ерекше бақылауында", – деді Ерлан Сәрсембаев.


Рекомендовать
Последние новости