Бағдаршамға тағы бір белгі қосылады: елімізде жол қозғалысына жаңа өзгерістер енбек

Азамат Қойшығара 30 апр. 2024 11:12 2752

Қазақстандық жүргізушілер екі жолақты жолда біртұтас сызықты кесіп өткені үшін куәлігінен айырылады. Ішкі істер министрлігі жол қозғалысының жаңа ережелері туралы бұйрық жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Елді мекендердегі автобустардың жылдамдығы енді сағатына 50 шақырымға дейін төмендейді. Егер бұрын көлік құралына сәйкестендіру белгісін бірінші және екінші топтағы мүгедектер қоя алатын болса, енді мұндай белгіні тірек-қимыл аппараты бұзылған үшінші топтағы мүгедектер де пайдалана алады”, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Сондай-ақ бағдаршамда жасыл плюс белгісі пайда болады, ол қарсы қозғалыс үшін тыйым салатын түстің қосулы екенін көрсетеді. Бұрын бұл қызыл плюс болды.

Жүйені ауыстыруға ақша бөлінбейді, оларды қайта бағдарламалау жеткілікті. Бірақ жүргізушілердің үйреніп кетуі үшін уақыт қажет. Сондықтан сарапшылар жаңа ережені бұзғандарды қатаң жазаламауға шақырды.

Соңғы кездері самокатпен жол ережесін бұзатындар көбейген. Өткен жазда оларға велосипед жолдарында жүруге рұқсат етілді, ал тротуарларда жүргенде жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы керек. 

“Биыл Алматы қаласында самокаттың қатысуымен 22 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 24 адам зардап шекті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының өскені байқалады”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Аян Бақытов.

Соңғы бір жылда елімізде мопед жүргізушілерінің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Қазірдің өзінде заң жобасы бар, оған сәйкес мопед жүргізушілеріне мемлекеттік нөмірлер беріліп, көлік жүргізушілері сияқты айыппұл салынады.

Екі апта бұрын түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды, бірақ заң әлі күшіне енген жоқ. 


Рекомендовать
Последние новости