Азулы ақын әнші Дана Кентайдың әнін іске алғысыз қылды

Dalanews 03 янв. 2018 03:46 1307

«Хабар» арнасының жаңа жылдық музыкалық xабарын көріп отырғанбыз. Бір кезде Дана Кентай деген жас әнші шықты да, ән емес… әңгіме айтты. Иә, «Қоңырау» деген әнсымақты ән дегеннен гөрі әулекі әңгіме деуге болады…

«Маған қоңырау шалған кезінде,Телефоным сөніп қалды.Әлемде жарық сөнгендей. Сезім пайда болды-ау.  Жаяу көшенің бойымен мен жүріп келем. Күтпеші жаным тек қоңырау менен» – міне, «ән» мәтінінің «мәні» осы!…

Өлең мәтініне ұқсасын, ел солай ойлап қалсын деп, ән авторлары бұл әңгімені жол-жолға бөліп жазыпты. «Әжептәуір өлеңімізді бүлдіріп, дұрыс жазбады»-деп кінәламау үшін біз де солардың формасына салып жазып көрейік:

Маған қоңырау шалған кезінде

Телефоным сөніп қалды

Әлемде жарық сөнгендей

Сезім пайда болды-ау

Жаяу көшенің бойымен мен жүріп келем

Күтпеші жаным тек қоңырау менен»

Ешқандай өлеңнің иісі де жоқ, кәдімгі ауызекі қарабайыр жаттанды жауыр сөз. Ән сөзінің авторын іздеп,  интернеттен іздеп едім, әдеттегідей әншілеріміз әннің  әуенін де, өлеңін де өздері жазғандай авторлардың аты –жөні жоқ екен. Ютубтан «Қоңырау» әнін іздеп едім, бір  бала шошытатын дүбара клип шықты да, жаба салдым…

Кеше ғана Арман Сқабылұлы бауырым  фейсбук парақшасында «Қазақстан» арнасындағы жаңа жылдық хабарда әйгілі болып қалған әншіміз Әйгерім Қалаубаеваның орындаған:

«Əкеме айтшы мама,

Жіберсін вечерге!

Жас емеспін мен енді,

Қорқады несіне? –

деген «әңгімесін» сынағанын оқып едім. Енді, міне, «Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» дегеннің нағыз өзі болып, «Хабар» одан да асып түсті…

Осыдан үш жыл бұрын  Кентал дегеннің үшеуі үш жаққа қарап тұрған ұйқассыз үш сөйлемнен тұратын өлеңін «Астана» арнасынан  тыңдап, қорланып едім.  «Ән әлемінде, эфирлерде талғам деген бар ма?!.»  деген мақала да жазған болатынмын.  Ол әнші де екі ауыз сөзін әннің аяғына дейін жүйке бұзып,  жүз рет қайталай береді екен.  Мен де сол мақаладан ерінбей, үзінді қайталай кетейін.

«Әне бір “Бірлік болсын әлемде, аман бол, халқым!”-дегенді жүз рет қайталайтын, одан басқа бір сөзі жоқ бір әнші бар екен ғой, Кентал  деді ме, сол шыққанда амалсыздан арнаны ауыстыруға тура келді… СОНЫ КІМ Эфирге жіберіп жүрген? Сонда бұл қандай ән? Қандай сөз? Оу, ән әлемінің айналасында жүргендерде талғам деген бар ма, жоқ нөлге түскен бе? Мынадай “әнсымақты”, ал мәтінін айтсаң, ақындар ғана емес, қазақша білетін кез–келген адам инфаркт болатын бұндай “өлең мәтінін” кім эфирге жіберіп жүр? Құдай–ау, мынадай “әнді” тыңдап отыру, “әншінің” бар бітіргені залды шапқылап, көрерменмен ербеңдеп билеуін көріп отыру не деген қорлық еді?!.  Жазығы жоқ, бірақ талғамы бар көрерменді аяп кетесің…

Біздің ауылда, шалғайдағы Шардараның қиырдағы Қызылқұмында ғана емес, еліміздің  кез–келген ауылында   бұдан жүз есе әдемі ән жазатын, жүз есе сөз жазатын, жүз есе орындай алатын әншілер толып жатыр. Одан да, соларды шақырайық та? Өнерді қорламайық! Өнерге талантсыз, талғамсыз құр жанкешті өлермендік жүрмейді!

Мен барлық жұмысымды жиып қойып, ән мәтіні не екенінен хабары жоқтарға түсіндірме жұмысын жасап көрейін: «Бiрлik болсын әлемде

Бірлік болсын елімізде!

Аман бол халқым!

Халқым менің!!!» деген ән мәтініне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол жай бір адамның жақсы тілегі...  … Ауылдағы болсын, қаладағы болсын, кез-келген адам ондай тілектің он есе жақсысын айтып береді ғой. Ал солардың бәрі тілектерін «ән» деп жариялап қойып, сахнада секіре берсе не болады? Одан соң өлең қаншама ағымға түскенмен, оның өзгермейтін шарты – «ұйқасы» бар болуы тиіс. Сондықтан ол өлең, қарасөз емес...

Шамасы, бірінші сыныптың баласына түсіндіргендей түсіндірдім деп үміттенемін. Ән мәтінінен хабары жоқтардың ән мәтіні туралы бірдеңе білетіндей сөйлеуі адамның аяушылығын тудырады, басқа ешнәрсе емес… Ал Кенталдың «атақты» үш жолында (ең болмаса төрт жол да емес) бір де бір ұйқас емге жоқ!!! Яғни, ән мәтіні деген аузына не келсе,соны айта салып, секіріп билей беру емес!

Әркім өз орнын, айтар сөзін, араласатын жерін білуі керек. Кентал сияқты базар аралап , той аралап ән айта берсін, екі жыл болыпты ғой… Мен бұған араласпас едім, бұл «ән» елдің эфиріне, киелі сахнаға шығып отыр ғой,!..Сондықтан араласамын, әрі бұл мәселе майда-шүйде деп ойламаймын, мәдениетіміздің мәні – қазақтың әні деп білемін. Сөз ұғатын, өлеңнің мән-мағынасын түйсінетін адам болса, түсінерліктей айттым ғой деп ойлаймын.»

Өлеңге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осындай мәнсіз мәтінсымақтар өршімесе, өшетін түрі жоқ. Бұл  ән мәтіндеріне байланысты сынымыз тек аталмыш белгілі арналарға ғана арналған емес, барлық  телеарналарға, радиоларға да қатысты сын.

«Қазақстан» да, «Хабар» да, мемлекет қаржыландыратын еліміздегі ең үлкен екі арна. Яғни, қазынадан, біздің салықтан төлеген ақшамызға шығып жатқан екі арнадағы әнсымақтарды естіп отырып, біз өз қаржымызға өзіміз «инфаркт» болуымыз керек екен….

Көркемдік кеңессіз ешқандай жаңа ән де, кешегі елді шошытқан Баянның «Баян сұлу» секілді телефильмдері де шықпауы тиіс. Мемлекеттік телеарналар мемлекеттің азаматтарының денсаулығын ойлауы керек қой. Әсіресе,  елдің жүйкесін жұқартпауы тиіс.

Қазыбек ИСА

Дереккөзі: Qazaquni.kz

Рекомендовать
Последние новости