Әзімбай Ғали: "Полицейлер қызметте тапаншамен емес, автоматпен жүруі керек"

Dalanews 26 июл. 2016 09:57 797










Алматыдағы атыс түрлі талқылауға себеп болды. «Төрт полицейді өлтірген қылмыскерді ертерек ауыздықтауға болмады ма?», «Бір адам бүтін департаментті төңкеріп кетті, Күлікбаев сияқтылардың он-шақтысы шабуылдаса не болар еді?» дейді көңілі алаң көпшілік. Мұндай сауалдың қойылуы заңды. Біз сөзге тартқан сарапшылар өз кезегінде «полицияны кінәлаудың қажеті жоқ. Анығында оларға айрықша мәртебе беру керек» дейді. Неге?










Жақсылық МЫРЗАХАН, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің бас маманы: 

Полицияға қарата айтылған сынның арасында орындысы да, орынсызы да бар


13815117_10154447633653120_460303275_n
Жақсылық Мырзахан
– Елде төтенше оқиға бола қалса, соған байланысты әрекет ететін құқық қорғау қызметкерлерін жамандап шығу бізде бұрыннан бар. Еліміздегі ең жиі сыналатын сала — осы құқық қорғау саласы. Дұрыс, сын түзелмей, мін түзелмейді. Бірақ, сын да орнымен болуы керек. Әншейін, сынау үшін айтылған сыннан кімге, қандай пайда?

Оқырман білмеуі мүмкін. Ақпарат құралдарында құқық қорғау органдарына қатысты жарияланған мақалаларды мониторингілеуді тек баспасөз қызметкерлері ғана емес, сол органдарының басшылары да жүргізеді. Неге?

Нақты заңда «БАҚ-та жарияланған материалдар қылмыстық іс қозғауға негіз болып табылады» делінген.

Соңғы жылдарда қоғамда орын алған резонансты жағдайларға дереу әрекет ету, соның бір мысалы.
Солай болса осы полицейлердің кемшіліктерін жіпке тізу — соңғы жылдары жалпыхалықтық лозунгке айналғандай. Қоғамдық ой қалыптастыратын, сөзінің салмағы бар азаматтар бұл мәселені барынша байыпты қарастырып, өз ойларын жазып, айтып отырса, құқық қорғау органдарына деген сенім басқаша болар еді. Бұл үлкен жүйе. Тұтас орган.

Бірақ, соған сай тәртібі де қатал. Бір қызметкердің заңсыздығынан келетін залал өте үлкен, қабылданатын шаралар да өте қатал, оларды тек жұмыстан ғана шығармайды, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, құқық қорғау саласы — жұмысыңды жасағаның үшін де, жасамағының үшін де, әрдайым сын садағына ілінетін мамандықтың бірі.

Құқық қорғау саласындағы жақсы жаңалықтың бірі – биылдан бастап Қоғамдық кеңестер туралы заң күшіне енді. Яғни, ендігі жерде әрбір құқық қорғау органдарында Қоғамдық кеңестер тұрақты жұмыс істейтін болады. Үлесін қосам дейтіндер осындай кеңестердің ішінде жүр. Бұл бізге керек, білсеңіз. Халықтың полиция турасындағы психологиясын өзгерткен маңызды.

«Полиция келеді» дегенді үреймен емес, үмітпен айту керек. Полицей — ол қорғаушы, көмекші  деген түсінік қалыптасқанда ғана тәртіп орнайды.








 

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:




AZIMBAI-GALI-1
Әзімбай Ғали



Полицейлер қызметінде екі үлкен олқылық бар


Біріншіден, олардың ішінде қазақ тілін білмейтін, оны білуге тырыспайтындар бар. Ал полиция деген бүтін мемлекет.

Мемлекет халқының 70 пайызы қазақ. Демек, олар құқық саласында істесе де осынша адамның құқығын таптап жүр.

Екіншіден, олардың арасында ішімдікке үйір келетіндері бар. Әрине, жұмыс психологиялық тұрғыда өте ауыр. Сондықтан мұндайдың болуы да белгілі бір деңгейде орынды шығар.
Қалай дегенмен де тәртіп сақшыларына айрықша мәртебе беру керек. Сонда олар әрбір патрон үшін әбіржіп, шала бүлінбейді. Өздерін оққа қарсы қойып, құрбандыққа шалмайды.

Тапанша емес, Израильдағыдай автомат ұстауға құқық берілуі тиіс. Арасында қазақ тілді, әскери дайындығы жақсылары алдын ала іріктелуі тиіс деп ойлаймын.

Олар полиция ішіндегі шұғыл шараларға жұмылдыратын арнайы бейресми топ бола алар еді. Мәселен, біздің полиция қызметкерлері тапаншасын үйге алып кетуге құқылы емес. Мұны да біржақты ету керек секілді. Тәртіп сақшысының жанында қару әрдайым міндетті жүретіндей болуы тиіс.




 

Талғат ҚАЛИЕВ, саясаттанушы





1_754
Талғат Қалиев

Қаза тапқан полицейлерді ертең ел де, Үкімет те ұмытады


– Алматыдағы сойқан кезінде алты адамнан айырылдық. Алтауы да жас еді. Мемлекетке берері мол еді. Артында бала-шағасы қалды. Айырылып қалдық.

Қоғам мен заңды, мемлекетті қорғаған полицейлер қылмыскердің құрбаны болды. Әрине, Үкімет ескереді оларды. Өздеріне тиісті өтемақысын алар. Бірақ уақыт өте келе оларды ұмытып кетеді. Ел де, Үкімет те. Өмір сондай өйткені.

Қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің ерлік жасағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Олардың ерлігін ескеру заң жүзінде қабылданса, мұны қоғамның да құптарына сенімдімін. Айталық, «Отан алдындағы ерекше еңбегі үшін» Заңын қабылдасақ, ұтылмас едік. Бұл бейбіт күнде бүлік шығарғанғандарға қарсы шыққан және сол жолда құрбан болғандарға көрсеткен құрметіміз болар еді.
Кешегі Алматыда атыста қаза тапқан полицейлердің жағдайына қараңыз. Баспанасы жоқ. Бар болғанның өзінде қуықтай. Осы қуықтай бөлмеде тұратын отбасы азаматынан, асыраушысынан айырылды. Олардың ертеңгі күні не болмақ?

Демек, аталған заң (әрине, егер мұны билік ескерер болса) алдымен қаза тапқан полицейлердің отбасыларын баспанамен қамту мәселесін шешуі керек. Бұдан сырт, азаматтың артында қалған бала-шағасына ай сайын оның жалақасынан кем емес жәрдемақы төленсе, сонымен қатар мемлекеттік оқу гранты берілсе. Иә, мұның бәрі керек. Бұл қаза тапқан полицейлерге айтқан алғысымыз, көрсеткен құрметіміз болар еді.


Сайып келгенде, мұндай заң қабылдар болсақ, бұл өз кезегінде құқық қорғау саласындағы қызметкерлерге де қосымша күш береді. Ал қоғам біздің тыныштығымызды күзетем деп көз жұмған полицейлердің әйел, бала-шағасының көзіне ұялмай, тік қарай алады.





Дереккөз: kaz.365info.kz


Рекомендовать
Последние новости