Бүгінде бәріміз азаматтық қоғам мемлекет өмірінде маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазір елемізде көптеген қоғамдық ұйымдар мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуына қызмет етіп келеді. Азаматтық қоғам – бұл мемлекеттен тәуелсіз, бірақ оның заңдарына бағынатын қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар, ассоциациялар, кәсіподақтардан тұрады. Бұл ұйымдар мен қозғалыстар халықтың мүдделерін қорғауға, мемлекеттің қызметіне бақылау орнатуға және шешім қабылдау процестеріне қатысуға мүмкіндік береді. Азаматтық қоғамның мемлекет өміріндегі орны жайында белгілі саясаттанушы Руслан Әлімназармен сұхбаттасып, пікірін білген едік. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Руслан мырза, еліміз тәуелсіздікке ие болған күннен бастап Қазақстанда азаматтық қоғам жұмысы жандана бастағанын білеміз. Азамттық қоғамның қоғам өмірінде маңызын халық қазір бір кісідей түсінеді. Десекте Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің оқырмандарына еліміз үшін азаматтық қоғамның маңызы жайында аз-кем түсінік бере кетсеңіз.
– Кейбір адамдар Қазақстанға азаматтық қоғам неліктен қажет деген сұрақ қоятынын мен де көріп, байқап жүрмін. Өз басым азаматтық қоғамға қатысты қызғушылық танытып, сұрақ қоюды заңдылық деп санаймын. Меніңше, мұнда қызығушылық танытқандардың үш санатқа бөліп жіктеуге болады. Біріншіден, азаматтық қоғам мемлекетке ең алдымен, өзіне тән емес мемлекеттік функцияларды шешу үшін қажет.
Екіншіден, жұмыссыз жүрген азаматтың біршама бөлігін жұмысқа орналастыру. Мысалы, кез келген адамға өз бетінше немен айналысатыны белгісіз адамдармен жұмыс істеуға қарағанда, ресми ұйыммен қарым-қатынас жасау әлдеқайда ыңғайлы емес пе? Міне, азаматтық қоғам халыққа қандай да бір әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін қажет.
Үшіншіден, ақша табу үшін. Қазақстанда қоғамдық ұйым өте жақсы дамыған бірнеше өңірлер бар. Ал Астана осындай өңірлердің үштігіне кіреді деп сенімді түрде айта аламын.
Иә, мемлекет бәрін үкіметтік емес ұйымдарсыз да жұмыс істей береді. Мұнда тіпті ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Мемлекет кез келген нәрсені ҮЕҰ-сыз әлдеқайда тиімді ете алуы мүмкін. Бірақ біз осы ретте өзімізге сұрақ қоюымыз керек. Бізге азаматтық қоғам қажет пе? Бізге бірлескен рәсімдеу керек пе? Біз азаматтарымыздың өздері бірнәрсе жасағанын қалаймыз ба? Әркім өзіне тіке қойған осы сұрақтарға жауап тапқанда Қазақстанда азаматтық қоғамның керек екеніне көз жеткізетін болады.
– Билік Жаңа Қазақстанды құруға кіріскен күннен бастап, азаматтық қоғам өкілдерін тең құқықты әріптес санып, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге көшкенін білеміз. Азамттық қоғам мәселелерін зерттеп жүрген білікті маман ретінде қазіргі таңдағы мемлекет пен азматтық қоғам арасы қаншалықты жақындады деп есептейсіз?
– Бүгінде билік азаматтық қоғам институттарының дамуына белсенді түрде жәрдемдесуге ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, азаматтық сектор ұйымдары тарапынан жергілікті билік органдарын институттандырылған бақылаудың маңыздылығы танылады, кейбір мемлекеттік функцияларды қоғамдық секторға беру қажеттілігі, сондай-ақ мемлекеттік және азаматтық секторлар арасындағы неғұрлым тығыз ынтымақтастықтың орнатудың маңызы маңызды трендке айналды десем артық айтқандық болмас.
Осы мақсатта заңнамалық база құрылып, жетілдірілуде. Мысалы, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары ынтымақтастығының тетіктерін бекітетін заң жобалары әзірленіп, қабылданды. Бұдан басқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен қайырымдылықты дамыту үшін құқықтық база қаланғанын білеміз.
Сонымен қатар коммерциялық емес сектор ұйымдары үшін бухгалтерлік және қаржылық есептілікке өзгерістер енгізіліліп, мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, сыйлықақылар құралдары жетілдірілгенін де оң өзгерістерге жатқызуға болады. Қазір мемлекеттік органдар, жеке, квазимемлекеттік және халықаралық ұйымдар базасында азаматтық бастамаларды қолдау жүйесі біртіндеп дамып келеді.
Өз басым осы өзгерістерді елімізде азаматтық қоғамды дамытудағы оң өзгерістер деп нық сеніммен айта аламын. Сондықтан осындай жайттарды ескере келе, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында жыла қатынас орнады деп бағалауға болады. Әрине, әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Десек те бұл бағытта «түк жұмыс істеліп жатқан жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрту орынсыз болар еді.
– Мемлекет пен азамттық қоғам арасында өзіңіз айтқандай «жылы қатынас» орнағанын нақты мысалдармен оқырмандарымызға тамаша түсіндіріп бердіңіз. Ендігі кезекте азамттық қоғамның халық мүддесі үшін жұмыс істеуі үшін өздерін қалай дамытуы керек деп есептейсіз?
– Қазіргі заманғы жағдайлар азаматтық сектордан орнықты қоғамды дамыту мүддесінде жергілікті қоғамдастықтар мен тұтастай алғанда мемлекет алдында тұрған өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жолында мемлекеттің де, кәсіптің де толыққанды серіктесі болуды талап етеді.
Сондай-ақ, азаматтардың өміріне әсер ететін шешімдерге қатысты өз пікірлерін білдіруге қатысу салаларын, арналарын және тәжірибелерін кеңейту қажет. Мұның бәрі болашақта азаматтық қоғам институттарының алдында сектордың тұрақтылығын арттыру, оны кәсібилендіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеке және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері тұрғанын көрсетеді. Ынтымақтастық, ашықтық және есеп беру сияқты қызмет принциптерінің маңызы артып келеді. Өз басым еліміздегі азаматтық қоғамның осы бағытта дамуы керек деп есептеймін.
Ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы жергілікті жерлерде азаматтық белсенділікті ынталандыру керек. Азамттық қоғам өкілдері халық қолдауына арқа сүйеуі үшін жергілікті жердегі халықтың мәселесін шешетін немесе ағартушылық бағытта замнауи көзқарасын қалыптастыратын әлеуметтік маңызы зор жобаларды көптеп жүзеге асыруы керек.
Бұдан басқа мемлекеттік билік органдары мен бизнес субъектілері алдында мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдардың қалыптасуы да маңызды. Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы бағытта жұмыс істеп жатқанын білеміз. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін көздейтін қоғамдық ұйымдар елімізде экономикалық тұрғыдан дамуына оң әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар өзге елдер арасында еліміздің ұстынымын қорғап, еліміздің экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Сондықтан алдағы уақытта экономиканың түрлі салалары бойынша салалық қоғамдық ұйымдардың құрылуын заңдылық деп қабылдауымыз керек.
Бұдан басқа мемлекеттік билік органдарының шешімдерін, сондай-ақ ресурстарды тиімді және нәтижелі пайдалануды, оның ішінде бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды жүзеге асыру құралы ретінде қоғамдық кеңестерді институционалдық тамырлау және нығайту жөніндегі қажетті қадамдарды іске асыру қажет; жергілікті өзін-өзі басқару органдарын одан әрі институционалдық тамырлаған дұрыс.
– Тәуелсіздік жылдары елімізде қоғамдық келісім тұрақтылықтың бастау көзі болды. Қазір Қазақстанда қоғамдық келісім модельі жайында түйген ойыңызды ортаға сала кетсеңіз?
– Азаматтық қоғам түрлі топтар арасында диалог орнатуға және қоғамдағы қарама-қайшылықтарды азайтуға ықпал ететін маңызды құрал екенін біздің билік о бастан түсінді. Осы 30 жылда біздер түрлі діни, этникалық немесе әлеуметтік топтар арасындағы байланыстарды нығайту арқылы азаматтық қоғам мемлекетте тұрақтылықты сақтауға көмектесетіне көз жеткіздік.
Азаматтық қоғам мемлекетпен серіктестік орнатып, оның шешім қабылдау процесіне тікелей қатысуы тиіс. Мысалы, кейбір қоғамдық ұйымдар мемлекеттік бағдарламаларды дайындауға, заң жобаларын талқылауға және сараптама жасауға қатысып жүргенін білеміз. Бұл мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынасты нығайтады және демократияның дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Қоғам белсенділері әлеуметтік мәселелерді шешуде үкіметпен бірлесе жұмыс істеуі маңызыд. Айталық, кедейлікті азайту, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерін жақсарту бойынша жобалар мен бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асырудың маңызы зор деп есептеймін. Бізде бұл бағытта жақсы іс-тәжірибелер бар. Осы ретет азаматтық қоғамның тиімді жұмыс істеуі үшін оған мемлекеттің қолдау көрсетуі де маңызды. Мұндай қолдаулар заңнамалық және құқықтық қорғау, қаржылық қолдау формасында болуы мүмкін. Азаматтық қоғам – қоғамның дамуында үлкен маңызы бар күш, ол мемлекеттің қызметін толықтырып, халықтың мүдделерін қорғайды.
– Елімізде қарапайым адамдардың азаматтық қоғам ұйымдарымен тізе қосып, туындаған мәселелерін шешу ісі қай деңгейде?
– Бұл ретте «жоғары, төмен деңгейде» деп нақты жауап беру өте қиын. Егер қаладағы жағдайларды сараптап, ой елегінен өткізсек, қала тұрғындарының қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын көріп, байқауға болады. Ал ауылдағы жағдай турасында бұлай деп айта алмайсың. Өз басым азаматтар мен жергілікті қоғамдық ұйымдардың бағытын анықтап, азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін қолдану аясын кеңейтудің маңызы зор деп есептеймін.
Бұл үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік қызметтер көрсетуге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтендіру жағдайларын қамтамасыз етуге баса назар аударып, жалпы басымдықта әлеуметтік бағытқа беру керек.
Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және азаматтарды қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған белсенді кәсіпкерлік қызметке ынталандырудың да маңызы зор деп есептеймін.
Сондай-ақ, жергілікті және республикалық деңгейлерде экологиялық проблемаларды анықтау және шешу жолдарын іздеу кезінде азаматтық қоғам институттарының қолдау көрсету мүмкіндіктерін мойындау қажет. Сонымен қатар, жергілікті қоғамдастықта аймақ, ел алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ барлық азаматтық қоғам институттары үшін тең шарттармен қоғамдық мүдделерді білдіру үшін жаңа алаңдар құрған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Ермекова