"Заңгерлер тобы іске кірісті". Айтбек Амангелді Талғардағы трагедияға қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 14 окт. 2024 13:29 5052

Марқұм Салтанаттың ағасы, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан Шерзаттың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, істің егжей-тегжейін анықтау үшін заңгерлер тобы білек сыбана іске кіріскен.

“Соңғы екі күнде жәбірленушілермен жұмыс істеп, қолда бар ақпараттарды зерттеп шықтық. Мен заңгер емеспін. Сол себепті тергеуге қатыса алмаймын және материалдарға да қол жеткізу мүмкіндігім жоқ.  Бұл іспен заңгерлер айналысады. Менің басты міндетім отбасы мүддесін қорғауға бағытталған. Бұның тергеуге еш қатысы жоқ. Сондықтан істі Астанада жүріп-ақ, орындай аламын.

Қазіргі таңда заңгерлер тобы толық іске кірісті және өз міндеттерін жақсы атқарып жатыр. Егер қосымша көмек қажет болса, алғашқы күннен байланысқа шыққан заңгерлерімізді шақыра аламыз”, - деді Айтбек Амангелді.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Айта кетейік, 13 қазанда ІІМ ұлттық ұланның баспасөз қызметі Талғар қаласы өз бақылауында екенін мәлім етті.

"Қазіргі уақытта Алматы облысының Талғар қаласында ішкі істер министрлігі ұлттық ұлан әскери бөлімінің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті қорғау үшін патрульдік қызметті атқаруға тартылды Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында азаматтарды жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз", – делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости