Аймағамбетов мектеп-колледждерге қатысты түйткілді мәселені көтерді

Сағыныш Сардарова 14 апр. 2025 11:51 17684

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп-колледждерге қатысты түйткілді мәселені көтерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын министрлікте жұмыс істеп жүрген кезінде колледждер мен мектептерге өздерінің қосымша табыстарын, мысалы оқу барысында жасалған өнімдерден түскен кірісті дамуына, материалдар сатып алуға, құрал-жабдықты жаңартуға, шеберханаларды жабдықтауға пайдалануға мүмкіндік беретін норманы енгізген.

"Бәрі түсінікті сияқты. Қажет әрі әділетті шешім. Бірақ тәжірибеде түйткіл көп. Мысалы дәнекерлеуші мамандығында оқитын колледж студенттері сабақ барысында темірден бұйымдар жасайды: қақпа, орындық, тор. Аспаз болуға оқып жүргендер нан, бәліш, торт пісіреді. Бұлардың бәрі - оқу үдерісінің бір бөлігі. Бұл бизнес емес, табыс табу үшін емес. Жай ғана балалар қолымен жұмыс істеп, үйреніп жатыр", - деді ол.

Депутат бұл өнімдерді сатуға шығарып, түскен қаржыны қайтадан оқу процесіне бағыттауға болатынын, бірақ жергілікті жерлерде кедергі барын жеткізді.

"Кейбір антимонополиялық органдар мұны кәсіпкерлікпен бәсекелестік деп қабылдайды. Ал шын мәнінде бұл бизнеске кедергі емес. Керісінше ертең сол кәсіпорындарда, наубайханаларда, цехтарда жұмыс істейтін болашақ мамандарды дайындауға көмектеседі", - деді ол.

Асхат Аймағамбетов мектеп спорт залдарына қатысты да осындай жағдай кездесетінін айтты.

"Біз бірнеше жыл бұрын мектептердің спорт залдарын сабақтан тыс уақытта секциялар мен үйірмелерге, жергілікті қауымдастыққа жалға беруге рұқсат бергенбіз. Қаражат тікелей мектептің шотына түседі. Бірақ мұнда да бөгет. Жергілікті антимонополиялық органдар мұны да кәсіпкерлікпен бәсекелестік деп қабылдайды. Осы мәселені әріптестермен бірге талқыладық. Шешімі бар. АЗРК өкілдері мәселені шешеміз деп уәделерін беріп кетті", - деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости