Қазақстандық депутаттар бір топ заңнамалық түзетулер ұсынды, оның ішінде дәрі-дәрмек, медициналық қызметтер, кітаптар мен қаржылай қызметтерге қосымша құн салығын (ҚҚС) енгізбеу туралы мәселе көтерілді.
Депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде бұл ұсыныстардың маңызды себептерін түсіндірді. Ол дәрі-дәрмек пен емдеу қызметтерін ҚҚС-тан босату қажеттігін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, ауыр және өмірге қауіп төндіретін аурулармен күресіп жүрген науқастар үшін дәрі-дәрмек бағасының өсуі үлкен салмақ салуы мүмкін.
“Бұл жай ғана салық мәселесі емес, бұл — адамгершілікке қатысты шешім.
Онко-дәрілер мен сирек ауруларға арналған препараттардың бағасы қазірдің өзінде өте жоғары. Егер оларға ҚҚС енгізілсе — бұл бағаның бірден 16%-ға өсуін білдіреді”, — дейді ол.
Отандық кітаптар мен анимация
Сонымен қатар депутат отандық кітаптар мен анимацияны ҚҚС-тан босатуды ұсынды.
“Кітапқа ҚҚС салу — отандық авторлар үшін шығарылым құнын арттырады. Ал бұл — оқырман үшін кітаптың бағасының көтерілуіне әкеледі. Қазақ авторлары назардан тыс қалды деп айтып жүрміз — дегенмен, соның өзінде кітапқа салық салып отырмыз.
ҚҚС-тан босату — мәдениетке, білімге, ұлттық ойға көрсетілген құрмет.
Біз өз авторларымызды, аудармашыларымызды, суретшілерімізді қолдауымыз керек.
Сол сияқты анимация да — енді дамып келе жатқан сала. Қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдер өте аз. Бұл саланы салықпен емес, нақты қолдаумен көтеруіміз қажет”, — дейді ол.
Қаржы қызметтері
Депутат банк қызметтеріне ҚҚС енгізудің қауіптілігі туралы да сөз қозғады.
“Көптеген елде банк қызметтеріне ҚҚС салынбайды — бұл жайдан-жай емес.
Бізде де қазіргі таңда бұл қызметтер ҚҚС-тан босатылған.
Егер банктік аударымдар мен карточка арқылы төлемдерге ҚҚС енгізілсе — халық күнделікті қолданып жүрген қарапайым қызметтер қымбаттап кетуі мүмкін.
Мысалы, сіз Халық банктегі картаңыздан Kaspi-ге ақша аудардыңыз — 200 теңге комиссия төледіңіз. Егер оған ҚҚС қосылса, тағы 32 теңгеге дейін қосылуы әбден мүмкін”, — деп қосты ол.
Аймағамбетов бұл өзгерістердің әсіресе студенттер, ата-аналар мен шағын кәсіпкерлер үшін ауыртпалық болуы мүмкін екенін айтты.
Қосымша ұсыныстар
Депутат заңнамалық түзетулердің аясында кейбір салаларға қосымша салықтарды енгізуді ұсынды:
"– букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру,
– трансмай қосылған өнімдерге акциз енгізу,
– банктерге салынатын корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыру.
Яғни, мәселе “бәрін бәрінен босатуда” емес. Мәселе — әділ әрі теңгерімді салық жүйесін қалыптастыруда”, — деді ол.
Асхат Аймағамбетов бұл ұсыныстардың әділ және теңгерімді салық жүйесін қалыптастыру мақсатында көтеріліп отырғанын және жақын уақытта осы мәселелер Мәжілісте қаралатынын жеткізді.