Айгүл Ісмақова, профессор: «Өркениетті ел ретінде қамқор болғанымыз жөн»

Dalanews 02 окт. 2022 06:00 1317

Ең алдымен, біз әлем елдерінің көшінен қалмаған өркениетті ел екенімізді естен шығармау қажет. Біріккен ұлттар ұйымына мүше мемлекет ретінде, жерімізге уақытша келіп жатқан ресейліктерді босқын мәртебесінде қабылдап, қонақжайлылық көрсеткеніміз жөн.

Әрине, не нәрсенің де келесі жағы болады. Көрші халық ерлерінің бір түнде шекара асып келуі бекер емес, бастарына қиыншылық түскені анық. Біздің де басымызға ертеңгі күні не күн туатынын білмейміз ғой, көрші елмен бірлікте болған дұрыс.

Сондықтан оларды шетке ысырмағанымыз абзал. Осы уақытқа дейін талай өзге ұлтты қол астымызға алып, құшағымызға сыйғыздық, ешбірін шетке теппедік, соның арқасында тату-тәтті тіршілік кешті. Бұрын да, қазір де солай болған.

Бұл тұста арнайы мекемелер өз жауапкершілігін ұмытпағаны жөн. Қауіпсіздік шараларын қолға алып, келіп жатқан азаматтарды мұқият тексеріп, тізімін жасаса жеткілікті. Себебі олардың да, біздің азаматтарымыздың да қауіпсіздігі аса маңызды.


Ресейліктердің 90 күн бойы елімізде емін-еркін жүруіне заңды мүмкіндігі бар. Осындай қиын кезеңде бастарына түскен ауыртпашылықтан сәл де болса арылу үшін шекарамызға қадам басты, жетіскеннен жүрген жоқ. Сол себепті саналы, өркениетті ел ретінде уақытша келген ресейліктерге қамқор болғанымыз жөн.

Сыйластығымызды көрген олардың алдында қазақ халқының абыройы асқақтап, тектілігіміз бен қадір-қасиетімізді ұғынары сөзсіз. Тұтастық пен бейбітшілік осындай қысылтаяң кездегі мәрттіктен, парасаттылықтан бастау алады. Асыл қасиеттерімізді жоғалтпағанымыз дұрыс.

Рекомендовать
Последние новости