Аида Балаева Қазақфильмге қатысты дауға пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 23 апр. 2025 15:56 524

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильм" киностудиясы төңірегіндегі дауға пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біз қазір “Қазақфильмді” отбасы бос уақытын өткізе алатын орынға айналдыру үшін инвесторды іздеп жатырмыз. Ол жерге бір кинотеатр, жабық кинотеатр салып, Қазақфильмнің музейін көтерсек дейміз. Тақырыптық дүкендер ашылып, Қазақфильм шынында да отбасылар уақытын қызық өткізе алатын, отандық киноларды тамашалай алатын орынға айналса дейміз", – деді Аида Балаева.

Аида Балаева "киностудияның жерін біреуге сатып жіберді, біреуге беріп жіберді" деп ақпарат тарап жүргенін, ол өтірік екенін мәлімдеді. Қазақфильмнің жері сол ұйымның кәдесіне жаратылатынын айтты.

"Кейінгі 7 жылда Қазақфильм бірінші рет қаржы жағынан оң динамикаға шықты. Демек Қазақфильм ақша таба бастады. Ол дұрыс менеджменттің арқасы. Қазақфильмде қазақ тілді мамандар ғана жұмыс істеуі керек деген сөзбен келіспеймін. Кез келген ұйымды жақсы менеджер басқарып, жүйелі түрде дамытуы керек. Қазір сол жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді Аида Балаева.

Министр "дүрбелеңге салып жүрген бірнеше адам кезінде сол "Қазақфильмде" жұмыс істеген. Бірақ "Қазақфильмнің" оңтайлы дамуына әсер ететіндей жұмыс істемеген. Қазір олар жоқ жерден дау жасап жүр. Мен Азамат Сатыбалды кеткеннен кейін "Қазақфильмнің" менеджментін өз бақылауыма алып, жұмысына күнделікті назар аударып отырамын. Соның нәтижесінде бүгін біз ол мекеменің қаржылық көрсеткішін оң нәтижеге жеткіздік” деді.

Еске салайық, бұған дейін де мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильмге" қатысты қауесеттерге жауап берді.

"Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылып жатыр", деді министр бұған дейін де.


Рекомендовать
Последние новости