Берденовтің қазіргі жағдайы белгілі болды

Қаракөз Амантай 22 апр. 2025 09:43 676

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шұғыл ота жасалды, қазіргі таңда өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Руслан Берденов қалалық ауруханаға оқ жарақатымен жеткізілген. Дәрігерлер тарапынан жедел түрде ота жасалып, көп қан жоғалту тоқтап, жарақат салдарынан келген зақымдар қалпына келтірілген. Өміріне тікелей қауіп жоқ.

“Дегенмен науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Ол дәрігерлердің бақылауында, қажет барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, — делінген ресми ақпаратта.

Еске сала кетейік, 21 сәуір күні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Бейресми деректерге сүйенсек, оған үш рет оқ атылған.

Оқиға куәгерлерінің және құқық қорғау органдарының берген алдын ала мәліметінше, қала әкімдігіне қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкері Берденовке аңшы мылтығымен оқ атқан. Полиция күдіктіні оқиға орнында дереу ұстаған.

Құқық қорғау органдары оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты Шымкент полиция департаменті, Ішкі істер министрлігі мен «Respublica» партиясы ресми пікір әзірлеп жатыр. Айта кетейік, Руслан Берденов осы партияның мүшесі.

Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне биыл ақпан айында тағайындалды. Оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Қазір қалада жағдай бақылауға алынып, күшейтілген қауіпсіздік шаралары енгізілді.

Бұл жайтқа қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

Полиция мәліметінше, аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.


Рекомендовать
Последние новости