"АвтоВАЗ" компаниясы қауіпсіздік жүйесіндегі ақауға байланысты шамамен 23 мың Niva жол талғамайтын көлікті кері қайтарып жатыр. Бұл туралы Ресейдің Техникалық реттеу және метрология федералдық агенттігі (Росстандарт) мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кері қайтару шарасы 2021 жылдың қазанынан 2023 жылдың қарашасына дейін сатылған 14 024 Lada Niva Travel көліктеріне қатысты. Росстандарттың мәліметінше, бұған себеп — жедел қызметтерді шақыру жүйесінің (СВЭОС) "ЭРА-ГЛОНАСС" басқару блогының орнатылмауы.
Сонымен қатар "АвтоВАЗ" 2021 жылдың 31 қазанынан 2024 жылдың 2 мамыры аралығында сатылған 8 912 Lada Niva Legend көлігін де кері қайтарып жатыр. Бұл көліктерде жедел қызметтерді шақыру жүйесінің (СВЭОС) басқару блогы және қауіпсіздік жастықшаларын басқаратын блок жоқ болып шыққан.
Хабарламада атап өтілгендей, кері қайтаруға жататын көлік иелерімен "АвтоВАЗ" өкілдері электронды пошта немесе телефон арқылы хабарласады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін көлікті ең жақын дилерлік орталыққа жеткізу қажет болады.
Сонымен бірге иелер көлігінің кері қайтаруға жататынын өздері де тексере алады. Ол үшін Росстандарттың ресми сайтындағы іздеу жүйесін пайдалану жеткілікті. Барлық жөндеу жұмыстары көлік иелері үшін тегін жүргізіледі.