Астана мектептерінде тағы 10 инклюзия кабинеті ашылды

Ақтоты Жапатова 05 сент. 2025 14:33

Астана мектептерінде тағы 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Енді олардың жалпы саны 21-ге жетіп, 1054 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала білім ала алады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Инклюзивті кеңістіктер логопед, дефектолог, психолог бөлмелері мен қыш шеберханасы бар арнайы аймақтан, сондай-ақ емдік дене шынықтыру кабинетінен тұрады. Мұның бәрі балаларға қажетті дағдыларды дамытуға және мектеп ортасына құрдастарымен бірге бейімделуге көмектеседі. Мұндай формат білім беру мен түзету сабақтарын біріктіріп, оқытуды қолжетімді әрі жайлы етеді.

Жоба тұжырымдамасын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры инклюзия саласындағы сарапшылармен бірлесіп әзірлеген және іске асырып келеді.

«Самұрық-Қазына» қоры үшін қоғамды қолдау әрқашан басым бағыт болып келеді. Біз спортты, медицинаны және инклюзияны жүйелі түрде дамытып отырмыз. Тек өткен жылы осы үш бағыттағы бастамаларымыз 700 мыңнан астам адамды қамтыды. Бастамалардың мақсаты – даму мен білім алуда тең мүмкіндіктер жасау», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов.

Кабинеттер «CharitySamruk Marathon» қайырымдылық марафоны барысында жиналған қаражат және қордың бюджеті есебінен жабдықталды.

«Бес жыл бұрын біздің отбасымыз №91 мектепке келген болатын, бүгін дәл осы жерде инклюзияны қолдау кабинеті ашылғанына өте қуаныштымыз. Белсенді тұрғын ретінде бұл оқиғаға өзімнің қатысым барын сезінемін, себебі мұндай кабинеттердің көбі Samruk Charity Marathon арқасында ашылуда. Соңғы екі жыл қатарынан осы марафонға қатысып жүрмін және менің үлесім де осындай маңызды іске қосылғанына қуаныштымын», – деді қала тұрғыны Сара Бәкірова.

Бүгінде мұндай кабинеттер Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шамамен 40%-ын инклюзивті біліммен қамтып отыр.


Рекомендовать
Последние новости