Атырауда алғашқы жарты жылда 23,4 млн тонна мұнай өндірілген

Dalanews 24 июл. 2021 08:11 571

Атырау өңірінде биылғы жылдың алғашқы ширегінде 23,4 миллион тонна мұнай өндірілді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Облыстың Кәсіпкерлік және индустрия басқармасының мәліметі бойынша, бұл былтырғы жылдың нақ осы кезеңіндегі көрсеткіштің 99,8 пайызын құраған. 

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мәмбеттің атап өткеніндей, мұнайлы өңірдегі - Теңіз кен орнының әлуеті мол. 

“Атыраудағы ең ірі жоба - Теңіз кен орны екені ешкімге таңсық емес. Бұл кеніште 13,5 миллион тонна мұнай өндірілді. Каспийдің Қазақстанға қарасы бөлігін “игеріп” жатқан NCOC компаниясы өндірген “қара алтын” көлемі 7,4 миллион тонна. Өз кезегінде “ЕмбіМұнайГаз” компаниясы биылдың 6 айында 1,2 млн тонна мұнай өндірген”, – деді Мәмбет. 

Оның ақпаратына қарағанда түнеукүні Тоқаев сынға алған Атырау мұнай өңдеу зауытында 6 айда 2588,7 тонна шикізаттық мұнай өңдеу жоспарда болған.

Бірақ, жыл басынан бергі уақытта зауытта 2584,7 мың тонна “қара алтын” өңделген. Соның нәтижесінде жоспар 98 пайызға орындалған. 

Айта кетелік, бұған дейін Атырау облысының әкімі президент Тоқаевтың тапсырмасына сай 2025 жылдан бастап өңірде жылына 60 миллион тонна мұнай өндірілетінін айтқан еді. 

“Бұған Теңіздегі кеңейту жобасының көмегімен қол жеткіземіз. Қашағандағы кен орны да бұл жоспардың орындалуына мүмкіндік береді”, – деген Махамбет Досмұхамбетов. 

Әкім бұдан бөлек, өңірде мұнай-газ саласымен байланысты құны 6 трлн теңгеден асып жығылатын 4 жаңа жоба жүзеге асатынын хабарлаған болатын.


Рекомендовать
Последние новости