Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты бұл жолғы мәжіліс онлайн форматта ұйымдастырылды.
Біздің елдің позициясын Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бастаған делегация білдірді. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай шарада әлемдік мұнай нарығындағы ахуал әңгіме болған.
Министр Ноғаев ОПЕК+ ұйымының өзара уағдаластығы шеңберінде жаһандық мұнай өндірісіндегі жағдай оң бағытқа өзгергенін тілге тиек етті.
Қазақстан келісімге кіретін мемлекеттердің қазіргі өндіріс көлемін көбейту туралы ұсынысын қолдады.
“Кездесу нәтижесі бойынша ОПЕК+ елдері мұнай өндірудің әзіргі көлемін ұйымға кіретін мемлекеттер 5,8 миллион баррель мөлшеріндегі күндік лимитті есепке алып, ай сайын күніне 400 мың баррельге жуық ұжымдық ұлғайту туралы ұйғарымға келді.
Бұдан сырт биылғы жылдың желтоқсанында ОПЕК+-ке біріккен елдер арасында мұнай-газ нарығының ахуалын және келешекте жүзеге асатын іс-шараларды талқылау мақсатында мәжіліс өткізу туралы шешім қабылданды”, – деп жазылған хабарламада.
ОПЕК+ аясындағы міндеттеме бойынша біздің ел алдағы айда күніне 1,4 миллион баррель және бұдан кейін ай сайын орташа есеппен алғанда өндірісті тәулігіне 16 мың баррельге ұлғайтып отырмақ.
#ҚазақстанОПЕК