Ата-ананың үндеуі: "Сағадиев мырза, оқушыларға жаныңыз ашымай ма?

Dalanews 12 янв. 2017 10:51 950

Алматы облысының 1-сынып оқушысының ата-анасы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдады.


Видеода министрлік жасаған реформаның бастауыш сыныпқа қатысты айқындалып жатқан теріс әсерлері фактілермен атап көрсетіліп, министрге нақты сауалдар қойылады. Онда айтылған проблемаларды қазақстандық ата-аналар толықтай қостап отыр.



Салтанат Тәжиеваның бұл видеоүндеуі әлеуметтік желіге салынғанына бір тәулік болып үлгермей, 47 мың рет ашылып, оны 4 мыңнан аса адам бөліскен.

Әлі де оған пікірлер жазылып, бөлісіп жатқандар қатары көп.


„…Алматының шетіндегі ауылда биыл баламыз 1-сыныпта оқиды. Былтыр мектепке дейінгі даярлық сыныбында оқыдық. Әр пәнге арналған оқулықтарды әр ата-ана 15-20 мың теңге аралығында өз қалтасынан ақша шығарып, сатып алды. Себебін үкіметтің оқулықпен қамтамасыз етуге қауқары жетпеген деп түсіндірді. Жарайды. Оған да келістік.


Біріншіден, міне, мынау Қоршаған ортамен таныстыру. Экология негіздері оқулығы. Бұл пәнде мысалы балаға мынандай сұрақ қойылады: „Қызыл кітапқа енетін қазақстандық құстарды белгілеңдер„. Нөлевой сыныпқа жасы әлі 6-ға толмаған 5 жастағы балалар барып жатыр.



Енді әріп танып, енді сөйлем құрап үйреніп жатқан балалар оған кіретін құстар түгілі, қызыл кітаптың не екенін қайдан біледі? Бұл сұрақ баланың жас ерекшелігіне қаншалықты сәйкес келеді?

Екіншіден, міне, мынау — Жаратылыстану пәні — 1-сынып оқулығы. Биыл өтіп жатырмыз. Мұнда жаңадан мектеп табалдырығын аттап, ортаға енді үйренісіп, әріптің басын енді құрап жүрген балаға мынандай сауал қойылады:



„Егер үлкен жүк мәшинәсі мен жеңіл мәшинені бір мезетте жоғарыдан төмен қарай жіберсе, екеуінің қайсы ұзағырақ жүреді„. Бұл — физикалық заңдылық. Бұған 1-сынып оқушысы қалай жауап беруі керек?

Үшіншіден, келесі сұрақ: „Қозғалыс траекториясы деген не?„. „Көліктің және басқа да заттардың қозғалыс кезіндегі сызығы„. „Жол траекториясының ұзындығы деген не?„ „Топырақты құнарландыру үшін қандай минералды зат қолданылады?„. Бала бұл сұрақтарға жауап беруі керек.



Яғни, бұл кітаптың ішінде физика, химия, биология, сондай-ақ айтылмай кеткен астрономия сынды жоғары сыныпта оқитын пәндердің сұрақтары бар. Әріпті толық танып үлгермеген, 6 жастағы балалалар бұл сұрақтарға қалай жауап беруі керек?..

Бұл сұрақтардың 1-сыныпқа енгізілуі қаншалықты заңды, ол баланың жас ерекшелігін ескеріліп жасалған ба? Мен бір-екеуін айтып отырғанымен, баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін сұрақтар әр пәнде өте көптеп кездеседі.


Төртіншіден, әр пән оқулықтан және дәптерден тұрады. Бір күнде 1-сынып оқушысы 5-6 пәннің сабағын өтеді.



Күнделікте көрсетілген пәндер бойынша сөмкені кітапқа толтырған кезде оның салмағы 5 келіден асып кетеді: 5,5-6 келі болады. Ал 6 жастағы бала денсаулық сақтау нормативтері бойынша тек 2 келі көтеруі керек. Оның үстіне мектеп балаға тамақ бермегендіктен, сөмкесінде суы, тамағы тағы бар. Бала сөмкесіне дене шынықтыруға киетін киім мен мектеп ішінде ауыстыратын аяқ-киімді де саламыз. Осының барлығын қосқанда бала сөмкесі 6 келі, тіпті одан да асып кетеді.

Бұл баланың денсаулығына өте қатты зиян. Сүйегі қатып үлгермеген баланың омыртқасы бірте-бірте отыра береді. Бүтін бір ұрпақтың ергежей болу қаупі төніп тұр. Бұл дабыл қағатын үлкен мәселе. Осы мәсеклелерге қатты көңіл бөлсе екен дейміз.


Бесіншіден, әр сынып бөлмесінде шкафта сөрелер болады. Мәселен, сыныпта 30 бала болса, сол 30 балаға әр пәннен 30 тіркеу кітапшасы болады. Әр пәннен бірнеше файл толтыру керек. Яғни, мұғалім әр сабақ өткізген сайын сол тіркеу кітапшасын әр бала бойынша толтыру керек болады. Демек, оқытушының оқушыны оқытуға ешқандай уақыты жоқ. Мұғалімнің уақыты сол қағазды толтырумен өтеді.


ҚР Білім министрлігінің биылғы талабы бойынша мұғалім баланы оқытпайды, тек бағыт-бағдар ғана сілтейді, ал бала өзі оқуы керек. Кешіріңіздер, 7 жасқа толмаған бала өздігінен қалай оқиды? Ол — ойын баласы. Оған ұстаз бас-көз болып, қамқор болып оқытуы керек. Баламен тікелей қарым-қатынас болуы тиіс. Оған тек бағыт-бағдар беру жеткіліксіз. Ал ұстаздың күніне әр пән бойынша қағаз толтырудан қолы босамағандықтан, оқытуға уақыты жоқ. Қағазды толтыру керек, оны файлға салу керек, оны тіркеу кітапшасына тіркеу қажет. Бітпейтін үздіксіз комиссиялардан өтуі керек.



Болашақ ұрпақ үшін алаң екендеріңіз рас болса, онда мұғалімдерді керексіз қағаздарды толтырудан босатсаңыздар екен. Сонда ұстаздың оқушыға көңіл бөлетін уақыты көбірек болар еді. Бұл бастауыш сыныптар үшін аса маңызды жайт.

Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаға ұстаздың жанында болғаны, оның қамқорлығы өте ауадай қажет. Бұл айтылғандар — бастауыш сыныптағы проблемалардың 100-ден бір пайызы ғана екенін баса айтқым келеді„ делінеді видеоүндеуде.


Әлеуметтік желіде жарияланған бұл видеоүндеу астына өз пікірлерін қосып, сауалдарын қоса қосақтап жолдап жатқан қазақстандық ата-аналар енді министрден жауап күтіп отыр. Ерлан мырза, енді Сіз не дейсіз?..


Кәмшат СӘТИЕВА


Дереккөзkaz.365info.kz


https://youtu.be/qJG1l-2XEUU

Рекомендовать
Последние новости