Қонаев Қарқара өзенін Ыстықкөлге бұрудан қалай сақтап қалды?

Dalanews 12 янв. 2017 09:53 1806

Шарын аңғарында ірі гидроқұрылым салу мәселесі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап сөз бола бастаған еді.  Сол кезде арнайы мамандар келіп, өңірдің жер бедерін байыппен қарап, мұқият зерттеген. 30 жылдардан кейінгі жағдай көпшілікке мәлім. Әлемде соғыс өрті тұтанып, алып құрылыс салмақ түгілі жұрт басымен қайғы болып кетті. Соғыстан кейін Кеңестер Одағының аумағында Красноярск, Братск, кейіннен Саян-Шушенск ГЭС-тері салынып, мәскеудің Шарынға мойын бұратындай мұршасы болмады.

«Мойнақ» СЭС-ін салу туралы шешімнің қалай туындады? 70-жылдардың басында Ыстықкөлдегі су деңгейі төмен түсіп, айыр қалпақты ағайындар Кеген ауданындағы (қазіргі Райымбек ауданы) Қарқара өзенін Ыстықкөлге бұру турасында жоғарыға ұсыныс айтты.

Ол кезде қырғыз-қазақ деп бөлінбеуші едік. Жұрттың бәрі Мәскеуге бағынатын. Осылайша көршілер Шарынға құятын негізгі Қарқара өзені бұруға әрекет жасай бастады. Бұл бағытта арнайы жоба да әзірленді.
Кейіннен іске Дінмұхамед Қонаевтың өзі араласып, сол кездегі КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Зия Нуриевтің жеке қабылдауында болды. Онда Димекең бұл Қазақстанның экологиялық ахуалына кері әсер ететінін дәлелдеп, Қарқара өзенінің арнасын Ыстықкөлге қарай бұрудан сақтап қалды. Сонымен қатар, Дінмұхамед Ахметұлы Шарын шатқалы аймағында Бестөбе су қоймасының құрылысын бастауға Мәскеуден арнайы қаржы бөлгізгенде біріміз қуандық. Бұл «Мойнақ» СЭС-ін салуға жасалынған алғашқы қадам еді.



Қырғыздарда қарап қалмады, олар Қарқара өзенінің суын Ыстықкөлге бұруға барын салды. Сол кезде бұл іске қырғыздың маңдайына біткен үлкен жазушысы Шығыс Айтматов та араласып, 1977 жылы «Ыстық көлден маңызды шаруа бар ма?» деп көлемді мақала жазып, Мәскеудегі марғасқалардың назарын аударған. Осылайша қырғыздарда бұл істе оңай беріле салмайтынын байқатты. Бірақ маңызды дәлелдерді алға тартқан Дінмұхамед Ахметұлы қырғыздарға ырық берген жоқ.
Ол кезде де Ыстық көлдің маңызы зор болды. Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен келіп демалушылардың қатары көп еді. Ыстықкөл Орталық Азиядағы – ең ірі курорттық шипажайлардың бірі. Ол туристер үшін жайлы әрі жұмсақ климатымен әрі керемет сұлулығымен тартымды болатын.

Осындай айдын көлді сусыз қалдыру кеңестік басшыларға үлкен сын еді.

Бірақ ақыр соңында Дінмұхамед Қонаевтың ықпалының арқасында бұл мәселе Қазақстанның пайдасына шешілді. Сондықтан «Мойнақ» СЭС-і жайында әңгіме қозғағанда Қонаев жайында айтпай кетуге болмайды.

Ол кісі болашақты күнібұрын ойлайтын кемеңгер басшы болды ғой.

Жалпы, Қонаев дәуірінің сыр-мұңы мен жай-жапсары туралы сөз қозғау жас ұрпаққа аса қажет деп есептеймін. Ол заманның бары мен жоғын бағалап, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етті.

 

Кеңес АУХАДИЕВ, қоғам қайраткері.

Рекомендовать
Последние новости